Қарағандыға теннис орталығы қажет пе?

14 Наурыз 2019, 18:05
3133
Бөлісу:
Қарағандыға теннис орталығы қажет пе?

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында теннис орталығын салу жоспарланған. Алайда, тұрғындардың пікірі екіге жарылуда. 

Бірі саябақтағы ағаштардың орнынан теннис кешенінің салынуына қарса болса, екінші топ парктегі қураған ағаштардың орнына заманауи спорт нысанының болғанын қолдайды.

Қарағандылықтар Орталық саябақтың аумағында биік қоршаулар орнатылып, ағаштар қызыл лентамен белгіленгенде дабыл қаға бастады. Олар бұл жердің жекеменшікке өтіп, орнына түрғын үйлер салынуы мүмкін екендігіне алаңдаушылық білдірді.

Қарағанды қалалық әкімдігіндегілер бұл жерде заманауи теннис орталығы салынатындығын мәлімдеді. Дегенменде тұрғындар шенеуіктердің xалықтың пікірімен санаспай, саябақ аумағында теннис алаңын салуға қарсылық білдірді.

«Қарағандыда үлкен теннис спортымен айналысатындар көп емес деп ойлаймын. Қалада екі корт бар. Тенниспен кәсіби түрде айналысатындар үшін осы екі жер жеткілікті деп ойлаймын. Ал билектегілер құрылыс жұмыстарын жүргізу жайлы шешім шығарардан бұрын, біздің пікірімізді неге сұрамады?», - дейді Ирина Арнаутова.

Жоспар бойынша теннис орталығында 3 ашық және 7 жабық алаң болады. Жеке кәсіпкердің қаржысына салынатын спорт кешені еліміздегі ең үлкен жобалардың бірі болмақ.

«Мен теннисті ұнатамын. Бірақ Пришахтинск және Оңтүстік-шығыста орналасқан теннис орталықтарына жету қиындық тудырады. Себебі алыс. Сондықтанда сүйікті спортыммен айналыса алмаймын. Паркте заманауи теннис корты салынатындығын естігенде қуандым. Бірақ кейбір тұрғындардың қарсылығынан бұл спорт орталығы салынбай қалуы мүмкін. Өзіңіз ойлаңызшы, қурап қалған ағаштардың саябаққа керегі шамалы ғой. Оның орнына денешынықтыру-сауықтыру кешені салынса жақсы болар еді», - дейді қала тұрғыны.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтың ойынша, паркте спорт нысандары аз. Ал саябақтың бұл бөлігі спорттық-сауықтыру болып саналады, сондықтанда осы жерде заманауи теннис кортын салу жайлы шешім қабылданған.

«Қоғамдық тыңдалым Наурыз мерекесінен кейін болады. Теннис орталығының жобасы тұрғындардың назарына ұсынылып, содан кейін шешім қабылданатын болады», - деді қала әкімі.

Оның сөзінше, ағаштар кесілмейді. Оларды жақын уақыттары сатып алынатын заманауи техниканың көмегімен басқа жерге қайта отырғызады.

«Ағаштарды шырын қозғалысы басталғанға дейін кез келген уақытта басқа жерге көшіре беруге болады. 180-ге тарта ағашты көшіру жоспарланған. Олар дендрологиялық зерттеуден өтеді, себебі кейбір ағаштар қайта отырғызуға жарамайды, олар сырқаттанған», - деді Н.Әубәкіров.

Белгілі болғандай, әзірге аталған құрылысқа рұқсат беретін құжаттар жоқ. Наурыз айының соңында қоғамдық тыңдалым өтіп, тұрғындардың дауыс санымен шешім шығарылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы