Бас жаңалықтар
Қытайдан келген қандастың Астана атауының өзгеруіне пікірі
22 Наурыз 2019, 20:13 2447

Қытайдан келген қандастың Астана атауының өзгеруіне пікірі

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасынан елге келген Шәлен Тұрғынжан қазір қазақтың ұлттық бұйымдарын жасап шығарады.  Солтүстік Қазақстан облысына 2 жылдан астам уақыт бұрын көшіп келген азамат кәсібін дөңгелетіп отыр. Бірнеше шебердің басын қосқан Шәлен Тұрғынжан Елорданың "Нұр-Сұлтан" деп өзгеруіне пікірін білдірді.

"Солтүстік Қазақстан облысында бір топ жігіт жұмыс жасаймыз. Қазақтар қауымдастығы мүшелерінің атынан Астана қаласының атын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қарсылық білдірмеймін.

Ілім-білімде де айтылған, Құранда да "Алла тағаланың барына сен, екіншіден патшаңа бағын" деп жазылған ғой. Сол үшін мемлекетті 30 жылға жуық уақыт еш мүлтіксіз, елімізді қақтығыс, ұрыс-соғыссыз басқарған Елбасының есімін Елордаға беру идеясын қолдаймын. Мұндай ұсынысқа халықтың қарсы шығуға құқығы жоқ деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз секілді мемлекеттің жаңа басшысы да елдегі осындай тыныштықты сақтайды деп үміттенем. Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуіне еш қарсылық білдірмейміз", - деді Шәлен Тұрғынжан.

Қолөнер шебері Шәлен Тұрғынжанмен бірге Қытай елінен 5-6 отбасы көшіп келген. Кәсіпкер шетелдегі жастарды елге көбірек тартып, кәсіпке араластырғысы келеді.

"Үлкен мәселе бар. Қытай Халық Республикасынан алда келетіндердің көбінде қаржы жоқ. Қазақстанға келгеннен кейін барлығын жаңадан бастау қажет болады. Мемлекетіміз көшіп келу квотасын береді, бірақ одан әрі кәсіп бастауға банктерден несие ала алмайды. Себебі, кепілге қоятын дүниесі немесе кірісі жоқ. Жұмысқа да бірден тұра алмайды. Қазақстанның әліпбиін танымайды. 4-5 жыл оқып, үйренулеріне кетеді. Тілегім - осындай жандарға мемлекет тарапынан қолдау болса. Әсіресе, жастарға. Арманым жастарды қолдау", - деді ұлттық қолөнершілерді ұйымдастырушы Шәрен Тұрғынжан.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық