Қаһарман ерлігі

6 Мамыр 2022, 14:33
2976
Бөлісу:
Қаһарман ерлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ батырлары көп. Оның бірі - Ыбырайым Сүлейменов. 

Бүгінде аты аңызға айналған сұрмергеннің есімі көпшілікке белгілі.

Ыбырайым Сүлейменовтың немере қарындасы Айткүл Сүлейменова биыл 86 жасқа келіп отыр. Әулетіндегі батырдың көзін көрген жалғыз кісі. Ол Ыбырайым Сүлейменовті соғысқа аттанар кезде де шығарып салған.

Қаһарман ерлігі

Айтуынша, шығарып салар кездегі ағасының айтқан ақылы әлі есінде.

 Біздің ағамыз өзіміз үшін әркез атақты батыр. Біздің отбасымызда қалған ең үлкені - мен. Көзін де көрген - мен. Басқа ешкім қалған жоқ. Әкеміз де кетті, шешеміз де кетті. Қалғаны соғыстан кейін туған. Қазір қасымдағы екі сіңілім де соғыстан кейін дүниеге келген, - дейді Айткүл Сүлейменова.

Ыбырайым Сүлейменов  1911 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. 1939 жылы Жамбыл ауданындағы Жамбыл МТС-нде тракторшы болып істейді. 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Оның әскери атағы – старшина, 100 жеке атқыштар бригадасының 2 жеке атқыштар батальоны снайпер-бақылаушысы. Әскер қатарында 1942 жылдың қараша айында келді.

Бүгін Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазақтың атақты снайперлеріне «Халық қаһарманы» атағы берілгенін айтты.

Сүйінші! Тарихи әділдік орнады. Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып,бірақ ол атақты ала алмаған қазақтың атақты снайперлері – Әбдібеков Төлеуғали мен Сүлейменов Ыбырайымға Мемлекет басшысының жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді, – деп атап өтті Берік Әбдіғалиұлы.

Қаһарман ерлігі

Батырдың ерлігі

Бір жылдың ішінде, 1943 жылдың қараша айына дейін ол жаудың 239 жауынгері мен офицерін жойды. Кейін Сарысу ауданының «Қызыл Күншығыс» кеңшарында еңбекке араласады. Калинин майданының сапындағы алғашқы шайқастардың өзінде №470000 мергендік винтовкасымен 79 фашисті жер жастандырады.

Великие Луки қаласы үшін болған шайқаста 60 жаудың көзін жояды. 1943 жылы күзінде Невель қаласы үшін болған кескілескен шайқаста Сүлейменов 102 фашисті өлтіріп, өзі де асқан ерлікпен қаза табады.

Ержүрек жауынгердің денесі Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметовамен бірге Невель қаласының орталығына қойылған.
Сондай-ақ Мәншүк Мәметовамен бірге Кеңес одағының батыры атағына ұсынылған. Бірақ жоғары басшылық Мәншүкке батыр атағын, ал Ы.Сүлейменовке Ленин орденін беру туралы шешім шығарған.

Қазір батырдың атында аудан мен қала орталығында көше бар. Жеңістің 70 жылдығында тау тұлғалы ескерткіші де бой көтерді. Туған ауылы мен Таразда екі мектеп Сүлейменов атында. Жыл сайын мереке қарсаңында жастар батырдың ұрпағымен кездесіп, ерлікке тағзым етеді.

1977 жылы Калинин атындағы 8 жылдық мектепке Ы.Сүлейменовтың есімі берілді. Жылда  9 мамырда кездесу өткізіп, спорттық жарыс ұйымдастырамыз.  Патриоттық бағыттағы тәрбие сағаттары ұйымдастырылады, - деп сұхбат берді Qazaqstan Ұлттық телеарнасына  Ы.Сүлейменов атындағы мектеп директорының орынбасары Гүлнар Дуанбекова. 
 

Өзгелердің жаңалығы