Профессионалдар. Мұғалім

3 Қазан 2020, 09:20
6881
Бөлісу:
Профессионалдар. Мұғалім
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жыл сайын Ұстаздар күні аталып келеді. Өткен жылы ел Президенті «Педагог статусы туралы» заңға қол қойды. Енді заң шеңберінде мұғалімдер артық жұмысқа салынбай тікелей өз міндеттерімен ғана айналысады. Бұл еліміздегі мұғалімдердің статусын айқындауға көп септігін тигізді. 

Профессионалдар. Мұғалім

Айтулы мереке қарсаңында білім беру саласында 20 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан үздік ұстаздардың бірімен әңгімелестік. Айман Қабдығалиева 1977 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жайпақ ауылында дүниеге келген. Бүгінгі күні Талдықорған қаласында тұрады. Қаладағы №14 орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінде.

 

«Ұстаздық жолына жүрек қалауымен келдім»

Айман Қабдығалиева педагогика саласында 21 жыл қатарынан еңбек етіп келеді.

Ұстаздық жолына жүрек қалауымен келдім. Себебі, мен өте балажан адаммын. Балаларды өте жақсы көремін. Өзімнің өскен отбасымда анам да мұғалім болды. Ол 40 жыл бойы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Анамның берген тәрбиесі мен білімі мені осы жолды таңдауымның бірден-бір себебі болды. Осы салада үлкен әпкелерім мен жеңгелерім де жұмыс істейді, - деді мұғалім.

 Профессионалдар. Мұғалім

Алғашқы жұмыс күнім. «Не істеуім керек?»

Ұстаз өзінің алғашқы жұмыс күнін есіне түсіріп, бізбен бөлісті.

Алғашқы жұмыс күнім есімде ерекше қалды. Ол сәт естен кетпейді. 1999 жылдың 2 қыркүйегінде мектептегі мұғалім ретіндегі алғашқы күнім болды. Сыныпқа кіріп, оқушылармен амандастым. Кейін сабақты бірден бастап кеттім. Балалар ұйып тыңдап отырды. Сөйтіп, сабақты уақытынан бұрын ерте аяқтап қойыппын. Дегенмен, жоспарлаған жұмысым орындалды. Бірақ, әлі де сабақтың аяқталуына уақыт бар. «Не істеуім керек?» деп ойландым. Сөйтіп, балалармен танысуға кірістім. Осылайша, алғашқы сабағымды аяқтаған болатынмын, - деп Айман Қабдығалиева алғашқы жұмыс күнін есіне алды.

Мұғалім кейде есіне түссе, бір күліп алатынын айтты. Сондай қызықты сәттер мектеп қабырғасында көп болған көрінеді.

Ең қызығы мектеп өмірі ғой. Бала деген өте нәзік, пәк, жаны таза болады. «Бүгін бізге не айтады? Не үйретеді?» деген сауалдарды әрқашан балалардың көзінен біліп, оқып отырамын, - деп атап кетті ұстаз.

 Профессионалдар. Мұғалім

Ұстаздық мамандық несімен қызықтырды?

Ұстазды құрметтемейтін жан кемде-кем шығар. Білімді адам кез келген жерде, кез келген ортада сыйлы болады. Осындай қасиеттер менің де бойымда болса екен деген арман мені осы салаға жетеледі. Бүгінгі күні осы мамандықты қателеспей таңдағаныма ризамын, - деді ол.

Айман Қабдығалиева оқушы жақсы көретін талантты, жан-жақты ұстаз болу үшін балаларға ерекше мейіріммен қарау керек екенін айтты.

Баланың өз әлемі болады. Сол әлемге ене білу керек. Оның жанын түсіне білу қажет. Қажеттілігін қанағаттандыра білу керек. Ең бастысы баланы жақсы көре білу қажет. Ал талантты, білімді болу әр ұстаздың міндеті, - дейді ол.

 Профессионалдар. Мұғалім

Жас мамандарға кеңес

Талдықорғандық мұғалім педагогика саласына келген жас мамандармен өз кеңесімен бөлісті.

Педагогика саласын таңдаған жас мамандарға айтарым да бар. Мұғалім өзінің білімін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім болады. «Оқуды, ізденуді тоқтатысымен, оның мұғалімдігі жойылады» деп Константин Ушинский айтқандай, біз, ұстаздар қауымы өздерімізге жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тиіспіз. Сондықтан іздену, даму, кәсіби өсу – біздің кезек күттірмейтін міндеттеріміздің бірі, - дейді Қабдығалиева.

Жас мамандарға мектептің берері өте көп. Онымен қоса, тәжірибелі ұстаздар да өз көмектерін аямайтынын және өзі де осы күнге дейін бірнеше жас маманды тәрбиелегенін жеткізді.

 Профессионалдар. Мұғалім

«Үй аралайтын мұғалімдер» деген де әңгіме болды
Бүгінгі күні «Ұстаз мәртебесі туралы» заңда мұғалімдерді артық жұмысқа жекпеу керектігі заңмен бекітілді. Осы мәселені салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, мұғалімдердің жағдайы бүгінгі күні әлдеқайда жақсарды және тиісті жағдай жасалып та келеді. Осыған дейін қанша жыл бойы «үй аралайтын мұғалімдер» деген де әңгіме болды. Соңғы 2-3 жыл ішінде бұл үрдіс толығымен жойылды деп айта аламын. Сонымен қатар, басшылық тарапынан талап етілетін апта сайынғы есеп те тоқтатылды, - деп мұғалім жақсы жаңалықпен бөлісті.

Оның сөзінше, ұстаздар қауымының оқушылардың тәлім-тәрбиесіне, білім сапасына баса назар аударуына жағдай жасалды.

 

Ұстаз қандай болуы керек?
Ұстаз тәуекелшіл болуы керек. Менің ойымша ұстаз психолог болуы керек. Білікті, білімді, көшбасшы педагог болуы қажет. Сондай-ақ, заманауи технологияны игерген замануи мұғалім және рухани бай адам болуы керек, - деді ұстаз Айман Қабдығалиева.

 Профессионалдар. Мұғалім

Бастысы – балалардың денсаулығы

Сонымен қатар, ол оқушыларды карантин жағдайында қалай оқытып жатқаны туралы да айтып берді.

Биыл карантинге байланысты білім беру процесі қашықтан оқыту форматында жүргізілгені бәрімізге белгілі. Оқыту синхронды және асинхронды форматты жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Onlinemektep, Zoom, Classroom және Google Form платформаларын пайдаланып, мемлекеттік жалпыға білім беру стандарттарына сай білім беріп жатырмыз, - деп айтты ол.

Оның айтуынша, қашықтан оқыту кезінде қызықты және қиын сәттер болған.

Кейде оқушылардың бір уақытта сабаққа қосыла алмауы, техникалық ақаулардың кездесуі сияқты проблемалар болып тұрады. Десе де, оқушымен үнемі байланыста боламыз. Уақытында, дер кезінде сабаққа қосыла алмаған оқушылармен жеке жұмыс ұйымдастырып тұрдым. Бұл әрине уақытты көп алады, - деді Айман Қабдығалиева.

Алайда, ол ең бастысы – оқушылардың білімінің тұрақты болуы маңызды дейді.

Қашықтан білім беруде мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс алшақтап кетті деп айта алмаймын. Себебі, барлық оқушымен күнделікті байланыстамыз. Туындаған сұрақтарды бірге талқылаймыз. Осылайша, бір-бірімізбен кері байланыс орнатып отырамыз. Бірақ та бетпе-бет, дәстүрлі форматта оқығанға ештеңе жетпейді. Оның да ауылы алыс емес екеніне сенімдімін. Дегенмен, балалардың денсаулығы бірінші орында болуы керек, - деп айта кетті ұстаз.

 Профессионалдар. Мұғалім

Ұстаздың да ұстазы бар

Мұхтар Әуезов айтқандай, «ұстаз – ұлы есім».

«Ұстаз» сөзінің астарында мән-мағынаның бәрі бар - білім, ғылым, махаббат, сүйіспеншілік, мейірімділік. Әр баланың тұлға болып қалыптасуына, дүниедегі әрбір мамандық иесінің болашаққа қанаттануына себепкер болатын жанашыр, ізденімпаз адам – ол ұлы ұстазымыз. Менің ойымша, әр шәкірттің жанына жақын келетін, ең сүйіктісіне айналатын, өмірлік ұстанымдарының жаршысына айналатын ұстазы болады. Менің де сүйікті ұстазым бар. Ол мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген болатын. Ұстазымның есімі – Гүлжан Насырова. Ол кісінің ғибрат алар әр сөзі, кескін келбеті, бәрі мен үшін үлгі-өнеге, - деп Айман Қабдығалиева өз ұстазы туралы айтып өтті.

Ол «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай, ұстазын ең алғаш рет көріп-білгеннен бастап ол кісіге деген құрметі, сабаққа деген зейіні арта түскен.

Бүгінгі күні ұлағатты ұстазым зейнеткерлік жаста. Әлі күнге дейін ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес, - деді мұғалім.

 Профессионалдар. Мұғалім

«Ұстаз еңбегінің жемісі шәкіртінің жеткен жетістіктерімен бағаланады»

Айман Қабдығалиева 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұйымдастырылған «Үздік педагог» республикалық байқауында жүлдегер атанып, 1000 АЕК көлемінде сыйақыға ие болған.

Профессионалдар. Мұғалім

2018 жылы «Үздік педагог» марапатын жеңіп алған кезде қандай сезімде болғанымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Ұстаз еңбегі өлшеусіз» десек те жасаған еңбегіңнің жемісін көруден артық бақыт жоқ. Азды-көпті еңбегің бағаланып жатса, кәсіби шеберлігің мен ұстаздық құрметіңе ерекше назар аударылса, қызметке деген құлшынысың оянары сөзсіз. Ұстаз еңбегінің жемісі шәкіртінің жеткен жетістіктерімен бағаланады. Сабақ берген оқушыларым сенімімді ақтап, мерейімді асыруда. Бүгінгі күні республикамыздың әр саласында шәкірттерім еңбек етуде. Бұл - менің мақтанышпен айтатын жетістіктерімнің бірі, - деді ол.

 Профессионалдар. Мұғалім

Мерекемен ұстазым - анамды құттықтаймын
Биыл оқыту қашықтан ұйымдастырылғандықтан әріптестермен және оқушылармен бетпе-бет жүздесу мүмкін емес. Сондықтан Мұғалімдер күніне орай, барлық құттықтау, ізгі тілектерді онлайн форматта қабылдап жатырмыз. Осы ретте өзім де ең алдымен ұстаз анамды құттықтағым келеді, - деді Айман Қабдығалиева.

Ол барлық ұстазды Мұғалімдер күні мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, шығармашылық өрлеу тіледі.

Профессионалдар. Мұғалім

Өзгелердің жаңалығы