Қорғаныс министрі "природное явление" тіркесіне қатысты түсініктеме берді

10 Шілде 2019, 16:14
2765
Бөлісу:
Қорғаныс министрі "природное явление" тіркесіне қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев орыстілді БАҚ пен әлеуметтік желіде тарап кеткен "природное явление" тіркесіне қатысты түсініктеме берді.

"Мен түсінікті болу үшін бұны қазақша түсіндірейін. Шынын айтқанда, мені бұл мәселе қайран қалдырды. Өйткені мен өзім орыс мектебін бітіргенмін. 1-10 класс аралығында Шымкент қаласындағы орыс мектебінде оқығанмын. Сондықтан мен қазақ тілін мүлтіксіз білемін деп айта алмаймын. Бірақ елімізде қаншама қазақ тілін еркін, мүлтіксіз білетін адамдар бар болғанымен, осы "табиғи нәрсені" ешкім дұрыс аудара алмады. Мен таң қалдым. Кез келген сөздікке қарасаңыз, тіпті sozdik.kz деген сайт бар, соны қарасаңыз, "табиғи" деген сөз "естественный" деп аударылады. Бұны біреу мүмкін әдейі жасаған. Сөзімді бұрмалаған, контекстен шығарған" - деді Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Қорғаныс министрі өзінің сол кезде айтқанын сөзбе-сөз келтірді.

"Мен сөзбе-сөз айтсам былай дедім: "Командирді кінәлі деп айтуға болмайды. Әрбір әскери объектіде, оның ішінде арсеналда қауіп-қатерлер бар. Бұл табиғи нәрсе", - деп түсіндірді Нұрлан Ермекбаев.

Атап өтсек, бұған дейін қорғаныс министрі Арыстағы жарылыс жайлы "это - природное явление" деп айтты деген ақпарат тараған еді.

Өзгелердің жаңалығы