Президенттің 100 күні. Кез келген саяси процесс – күрделі жол іспетті 

19 Қыркүйек 2019, 13:05
2586
Бөлісу:
Президенттің 100 күні. Кез келген саяси процесс – күрделі жол іспетті 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында белгілі саясаттанушылар Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басына келгеніне 100 күн толуына байланысты дөңгелек үстел өткізді. 

Шараны Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды. Жиын барысында белгілі сарапшы, саяси ғылымдар кандидаты Ерлан Саиров өз ойын білдірді.

«Өздеріңіз білетіндей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшылығына келгеніне бүгін тура 100 күн толып отыр. 100 күн өздеріңізге белгілі, оңай болған жоқ. Үміт те, күдік те, драма да болды. Бірақ, осы жүз күннің ішінде біздің саяси жүйе эволюциялық тұрғыда басқа бір сапалы деңгейге өтуге өзінің қабілетті екендігін көрсетті. Көз алдымызда елдің саяси тарихының жаңа парадигмасы қалыптасып келеді. Бізге өз еліміздің саяси тарихын әрлендірудің немесе мінсіз атаудың қажеті жоқ. Кез келген саяси процесс – күрделі жол іспеттес. Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарынан бері айтарлықтай жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазақстан – әлемдік антиядролық қозғалыста авангард. Ұлтаралық салада қарым-қатынасты реттейтін бірегей формат қалыптастырды», - деді ол. 

Сарапшы елордадағы ОКҚ алаңында өткен «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактикасы» атты дөңгелек үстел барысында,  қазіргі уақытта Қазақстанның тәуелсіздігінің іргетасы бекігендігін атап өтті.

«Алайда біздің елімізде проблемалардың барын да ашып айтуымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келген кезде елде әлеуметтік және қоғамдық мәселелер болмады деп айта алмаймыз. Қоғамның қызуы үдеген шақ еді. Адамдар әлеуметтік әділеттілікті талап еткені белгілі. Мемлекет, азаматтар мен биліктің өзі де әлеуметтік терапияға мүдделі болды. Президент Тоқаевтың жетекшілігі осындай жағдайда басталды. Жаңа сенімге ие болып, халыққа үміт сыйлау керек болды. Мемлекет басшысында президент немесе шенеунік емес, тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұрды. Адал әрі әділ диалогқа негізделген жаңа формат қалыптастыру қажеттігі туындады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «халыққа құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажеттігі туындады», - дейді саясаттанушы.

Оның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстанда бұл бағытта айтарлықтай ілгерлеушілік бар. 

«Билік қоғамның сұранысы мен тілектеріне құлақ асты. Менің ойымша, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді. Азаматтар оны тең әрі жақын, қолы жете алатын Көшбасшы ретінде қабылдайды. Сондай-ақ, жүйенің өзі эволюциялық жолмен дамуға қауқарлы екенін көрсетті. Эволюция – басты парадигмаға, біздің елдің саяси құрылымының базалық элементіне айналды», - дейді Ерлан Саиров.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде халық алдында ант беріп, ұлықтау рәсіміне қатысқалы бері бүгін 100 күн толды.

Ал, мемлекет басшысының алғашқы 40 күніне шолуды мына жерден оқи аласыздар.


Өзгелердің жаңалығы