Қасым-Жомарттың қырық күні

2 Мамыр 2019, 17:02
10023
Бөлісу:
Қасым-Жомарттың қырық күні
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне келгеніне 30 сәуір күні 40 күн толды.

Қырық күнде қыруар шаруа тындырып тастамаса да, Тоқаевтың Президент постына келгелі бері атқарған шаруалары мен кездесулері, сапарлары мен басқару органдарына берген тапсырмаларына бір шолу жасап көруді жөн көрдік.

 Президенттік тағайындаулар

Сонымен, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік лауазымды иеленген күні, яғни Қазақстан Республикасының Президенті атанып, халық алдында ант беру рәсімінде жасаған алғашқы баяндамасында:

Қасым-Жомарттың қырық күні

«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет», - деген болатын.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Сонымен қатар, Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы Жарлығы да Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы болды.

Мұнан соң Мемлекет басшысы Президент әкімшілігін жасақтады. Әуелі Нұрлан Оңжанов Президент кеңсесін басқаруға келсе, Ерлан Батақов Президент Іс басқарушысы болды. Ал Тимур Сүлейменов Президент көмекшісі, Берік Уәли Баспасөз хатшысы атанды. Мұнан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Президент әкімшілігінің басшысы, Дархан Кәлетаев Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, Сатыбалды Бұршақов Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, Марат Тәжин мемлекеттік хатшы болып жеке-жеке тағайындалды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ерлан Қаринді, Ержан Бабақұмаровты және Бауыржан Омаровты өзіне кеңесші етіп алды.

 Баяндамалар мен сөйлеген сөздер

Қасым-Жомарттың қырық күні

Осындай құрам жасақтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі бұған дейінгі саяси ұстанымды тым өзгерте қоймайтынын, Елбасының бұған дейін берген тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік ұстанымды жалғастыратынын байқатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде алғаш рет «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Сондай-ақ, 40 күнде Мемлекет басшысы 13 заңға қол қойып, 4 қаулы қабылдаған.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Төрт қаулының екеуін ерекше атайтын болсақ, бірі – Мемлекет басшысының тікелей ұсынысымен ел тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі болған – Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы шешім. 20 жылдық тарихы бар жас қала бұдан былай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады.

Екіншісі де Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы шешуші сәттердің бірі – кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы қаулы болатын.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Айтпақшы, Мемлекет басшысы болғалы бері Қасым-Жомарт Кемелұлы да елге Үндеу жасап үлгерді. Онда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы тарихи шешім бар.

«Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет. Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!», - деген болатын Мемлекет басшысы өз Үндеуінде.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Президент алғаш ант берген күнгі бірінші баяндамасынан кейін де 4 рет халық алдында сөз сөйледі.

«Президент ретінде мемлекетті одан әрі дамыту үшін менің ұстанымдарым айқын әрі нақты. Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі. Мен осы ұстанымдарға айрықша мән беремін. Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды. Сондықтан, қоғам тұрақтылығын нығайта отырып, экономиканың қуатын еселеу – басты мақсатымыз. Бұл орайда, Ұлы дала демократиясынан бастау алатын әділеттілік принципі қатаң сақталуы тиіс. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтумен тең», - деді ол Маңғыстауда халық өкілдерімен кездесу кезінде.

Оның бұл сөзі елдегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың 7 қырына» үндесіп жатқанын байқауға болады.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Сондай-ақ, ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте, Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде, Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шараларда сөз сөйледі.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғанына екі апта өткенде «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне сұқбат берді. Сүбелі сұқбатта Президент біраз мәселенің басын ашып, елдегі кезек күттірмес әлеуметтік жағдайларға тереңірек тоқталды.

«Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей», - деді ол өз сұқбатында.

 Кездесулер мен қабылдаулар

Қасым-Жомарттың қырық күні

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесулері өзі Президенттік тізгінді қолға алған күннен басталып кетті. Әуелі Парламенттің бірлескен отырысына қатысқан Президент өзінің бұрынғы орнына (Сенат төрағасы – ред.) Дариға Назарбаеваны тағайындады.

Сондай-ақ, Тоқаев таққа отырған 20 наурыз күні оның төрағалығымен Президент Әкімшілігінің басшысы, оның орынбасарлары, сонымен қатар Президенттің көмекшілерінің қатысуымен Кеңес өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы едел-жедел бірнеше қабылдау жасап үлгерді. Олардың қатарында: Премьер-министр Асқар Мамин, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаев (қазір Президент әкімшілігінің басшысы – ред.), Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бар.

Бұл Мемлекет басшысының ел тізгінін ұстаған алғашқы күні жасаған қабылдаулары, ал жалпы 40 күнде Тоқаев еліміздің басқару органдары басшыларының 26-сын, шетелдік саяси тұлғалардың, елшілердің 7-еуін қабылдаған.

Ол Президент болғалы қабылдаған алғашқы шетелдік саяси тұлға – Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Андрей Фурсенко болса, қазақстандық өңір басшылары арасында Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов алғашқы болып қабылданды.

Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде ең алғашқы шетел басшыларымен телефон арқылы сөйлесуді Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтен бастады. Сондай-ақ, бұдан бөлек 8 елдің басшыларымен, лауазымды тұлғаларымен телефон арқылы сөйлесіп, еларалық татулық пен ынтымақтастық туралы пікір алмасты.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Осы орайда, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті ретінде алғашқы шетелдік мемлекет басшысын да қабылдап үлгерді. Ол – Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин. Кездесуде тараптар саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарын талқылады.

 Сапарлар

Қасым-Жомарттың қырық күні

Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын киелі Түркістан топырағынан бастады. 23 наурыз күні жасалған сапарда Қасым-Жомарт Кемелұлы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне, Жастардың ресурстық орталығына барды және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Осы сапарда ол түркістандықтармен кездесіп, «Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес» екенін айтты.

Еліміздің оңтүстігіне жасаған сапары барысында Президент Шымкент қаласына да ат басын тіреді.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Ал Президент болғалы алғашқы шетелдік сапарын Ресей Федерациясынан бастады. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен және Ресейдің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Қасым-Жомарттың қырық күні

«Мемлекет басшысы ретінде мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты әрі белсенді дамыту ісін жалғастыра беремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентімен кездесу барысында.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Сапар аясында екі ел президенттері ортақ мәлімдеме жасап, БАҚ үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргіздім. Қазақстан-Ресей арасындағы жан-жақты ықпалдастықтың қазіргі жағдайы мен келешек перспективаларын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық», - деп жазды ол бұл сапар жайлы өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Ресейге сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі Белгісіз жауынгер бейітінің жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Бұдан кейін Президент Қазақстанның облыстарын аралауды бастап кетті. Әуелі Маңғыстау облысына, 360 әулие жатқан киелі топыраққа табан тіреді. Онда Мемлекет басшысы өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Әбіш Кекілбаевтың мерейтойын ел болып атап өту керектігін, мұнайға сүйеніп өмір сүрудің тиімсіздігін, т.б. мәселелерді қозғады.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Сонымен қатар, ол Ақтау теңіз портының қазіргі жұмыстары, Каспий теңізі арқылы өтетін жүк тасымалын арттырудың перспективаларымен танысты.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Қарт Каспийдегі сапар көне Семейге жалғасты. Алаш астанасында зиялы қауым өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы рухани астана атанған қаладағы бірқатар қордаланған мәселеге тоқталды. Сонымен бірге, полигоннан зардап шеккен тұрғындарға тиістті көмек жасалатынын ескертті. Жаңадан бой көтерген «Абай арена» кешенінің құрылысымен танысып, жаңадан ашылған жедел жәрдем орталығына барды.

Шығыс сапары Өскеменге бет алды. Шығысқазақстандықтармен кездесу барысында Мемлекет басшысы: 

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3 пайызға артқан. 2015-2018 жылдардағы индустрияландыру бағдарламасының аясында 19 жоба жүзеге асырылып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Облыс экономикада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп қана қоймай, әлеуметтік саланы табысты дамыту жағынан да үлгі көрсетіп отыр», - деді.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Мұнан соң Мемлекет басшысы Павлодарға, Алматы облысы мен Алматы қаласына ат басын бұрды.

40 күнде шетелге екі рет сапар жасаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші ресми сапары бауырлас Өзбекстан мемлекетіне бағытталды.

Сапар аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Бұл сапар жайлы Мемлекет басышысы: «Өзбекстан Президенті ШавкатМирзиёевпен келіссөздер сәтті өтті. Екі ел арасындағы үйлесімді дамып келе жатқан өзара қарым-қатынастардың кең көлемді бағыттарын талқыладық», - деп жазды.

Ташкент сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміне қатысып, Тәуелсіздік және гуманизм монументіне гүл шоғын қойды.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Тоқаев Президент болғанына тура бір ай толғанда, яғни 20 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Қосшы ауылына арнайы іссапармен барды. Қала іргесінде болса да, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты шағын елді мекеннің мәселесі шаш етектен екенін онда тұратын халық жиі айтатын еді. Бұған дейін «Нұр-Сұлтан қаласына қосылады, қосылмайды» деп сан рет итіс-тартысқа түскен ауылда негізінен елордаға келіп жұмыс істейтін адамдар тұрады. Бұл ауылдағы ауызсу, жылу, мектеп, қоқыс мәселесі қордаланып қалғалы біраз жылдың жүзі болған. Бұл туралы BAQ.KZ ақпарат агенттігі де арнайы фоторепортаж жасаған еді.

«Үкімет пен Ақмола облысының әкіміне Қосшы аулының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін тез арада шешуді тапсырдым. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жүйелі инфрақұрылымдық проблема», - деді Қазақстан Президенті Қосшы сапары жайлы.

Президенттің Қосшыға сапары Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы ҚараөткелТалапкер (Қажымұқан)Жібек жолыҚоянды қатарлы ауылдардың мәселелеріне де қозғау салып, оң шешімін табуға ықпал етеді деген сенім ұялатады.

 Президент тапсырмалары

Қасым-Жомарттың қырық күні

Жоғарыда айтқан кездесулер мен қабылдауларда Мемлекет басшысы еліміздің Үкімет мүшелерінің барлығына өзі басқаратын салалары бойынша жеке-жеке тапсырмалар берді.

Ал біздің айтпағымыз, ел күткен, халықтың көкейінде жүрген мәселелерге қатысты атқарушы органдарға берілген нақта тапсырмалар жөнінде болмақ.

Осы орайда бір айта кететін жайт, Қасым-Жомарт Кемелұлы көптеген тапсырманы өзінің Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы да бергенін ескертеміз. Мысалы, Президенттік тізгінді қолға алған алғашқы күндерінен-ақ Twitter арқылы тапсырма бергенін хабарлады.

«Үкіметке бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметшілердің жалақысын көтеруді 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастау туралы тапсырма бердім. Бұл шешім бір миллионнан астам азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің жағдайының жақсаруына тікелей әсер етеді», - деп жазды ол 22 наурыз күні өз парақшасында.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Сонымен қатар, ол «Үкімет пен әкімдерге көктемгі тасқын жүруі ықтимал аудандар тұрғындарының өмірлік мүдделеріне нұқсан келтірмеу үшін нақты шаралар жүргізуді тапсырғандығын» хабарлады.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа еліміздің қаржы секторын сауықтыру жөнінде қажетті шаралар қабылдауды, сондай-ақ валюта-қаржы нарығына тиісті бақылау орнатуды тапсырса, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Заңнамалық нормалардың, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерінің сақталуы үшін тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Премьер-министр мен Түркістан облысының әкіміне Леңгірдегі көппәтерлі тұрғын үйдің өткір мәселесін шұғыл түрде шешуді тапсырды.

Бұған дейін де күрделі мәселе болып келген үш тұғырлы тіл саясаты жайлы ойы қоғамнан ерекше қолдау тапты. Ол мемлекеттік тіл саясатына қатысты «Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек» деген болатын.

«ІІМ басшылық құрамымен жиын өткіздім. Ұрлық жасағандарға қылмыстық жазаны қатаңдату бойынша шаралар қабылдауды тапсырдым. Есірткі бизнесімен күресті күшейтіп, жол қауіпсіздігін арттыру туралы міндеттер қойдым», - деді ол өз парақшасында.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Бұдан бөлек күнделікті жұмыс барысында Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік, әлеуметтік, саяси, экономикалық бастамаларды қолдау бойынша, елдің ішкі тұрақтылығы мен халықтың күнкөріс мәселелерін шешу, елдің экономикалық жағдайын арттыру, баспанамен қамтамасыз ету, т.б. қатарлы көптеген тапсырма тиісті мамандарға, жауапты қызметкерлерге беріліп келеді.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің Үкімет мүшелерінің, өңір басшыларының, саяси тұлғалардың халыққа жақындаса түсуіне, ел мәселесін солармен қатар отырып көре білу мақсатында әлеуметтік желіге жаппай тіркеліп жатқандығын да атап өткен орынды.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болған 40 күніне жасаған шағын шолуымыз.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми мәлімдеме жасап, өз еркімен Президенттік өкілеттігін тоқтатқан болатын. Елбасы сол кезде өз орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты лайық көретінін, Президенттікті сайлау өткенше соған тапсыратынын айтқан еді. 20 наурыздан бері Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті міндетін атқарушы. Ал кезектен тыс президент сайлауы 9 маусым күні өтеді.

Қасым-Жомарттың қырық күні

Nur Otan партиясы атынан кандидат ретінде тіркелген Қасым-Жомарт Тоқаев лингвистикалық комиссиядан мүдірмей өтті.

Өзгелердің жаңалығы