Бас жаңалықтар
Президент сайлауы – 2019. Алдағы саяси науқанға жауапты қарауымыз қажет
12 Сәуiр 2019, 21:30 1085

Президент сайлауы – 2019. Алдағы саяси науқанға жауапты қарауымыз қажет

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда «Sanaly urpaq» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен TEDx форматында студенттер конференциясы өтті. Басқосуға қатысушылар 2019 жылы 9 маусымда болатын президент сайлауының жастар үшін қаншалықты маңызды екенін талқылап, қостанайлық жастар үндеу жариялады.

 «StudentTalks» ашық алаңына спикер ретінде Қостанайдағы жоғары оқу орындарының белсенді студенттері мен жастарға арналған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері шақырылды. Басқосуды Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Марат Жұрқабаев ашып берді. Ол жастардың таңдауы әрқашан маңызды екенін айта келіп, алдағы саяси науқанға белсене атсалысуға шақырды.

«Sanaly urpaq» қоғамдық қорының төрағасы Серік Манасбаев Жастар жылының орасан мүмкіндіктеріне тоқталып, белсенді жастардың атынан үндеу жариялады.


«Елімізде саяси өзгерістер болып жатқанына бәріміз куәміз. Біз, Қостанай облысының белсенді жастары кезектен тыс президент сайлауын өткізуді дер кезінде қабылданған әрі өте маңызды шешім деп есептейміз. Бұл маңызды қадам қазақстандықтардың дұрыс таңдау жасап, ел ішіндегі бірлікті одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Жастар жылы өтетіндіктен, бұл сайлау замандастарымыз үшін айрықша науқан болғалы тұр. Сондықтан, біз оған өте жауапты қарауымыз қажет. Жастар – ел дамуының қозғаушы күші. Біздің алдымызда жаңа идеялар мен жақсы ұсыныстарды жүзеге асыратын даңғыл жол ашық. Сайлау – жастар үшін тек дауыс беру емес, сонымен қатар, елдің өркендеуіне үлес қосу», - деді Серік Манасбаев.

Дамира Мінайдарова, Гүлім Шаяхметова, Мирас Адамбаев сынды спикерлер өздерінің жаңашыл идеяларын айтып, кәсіпті бастау, «Бастау Бизнес» арқылы оқып, жоспар құру жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Басқосуға барлығы 60-қа жуық адам қатысты.



Фото: автордан
Загрузка...