Бас жаңалықтар
Праймериз: Байбек Nur Otan-ның жаңа мүшелері туралы айтты
09 Қазан 2020, 16:20 146

Праймериз: Байбек Nur Otan-ның жаңа мүшелері туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Барлық өңірдің, қала мен ауданның әкімдері – партия филиалдарының төрағалары партияішілік іріктеу қорытындысын талқылап, құрмет грамоталарын табыстау үшін праймериз қатысушыларымен кездесті. 

Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

Сонымен қатар, ол 150-ден астам белгілі саясаттанушыны, қоғам қайраткері мен журналистті топтастырған Nur Otan Жақтастарының лигасымен кездесуде партияішілік сайлауды ұйымдастыру барысын бақылауға айрықша атсалысып, айқындығы мен әділ өтуін қамтамасыз еткені үшін қоғам белсенділеріне алғыс айтты.

Бас қосуда праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысын егжей-тегжейлі талқыладық. Жақтастар лигасының айтуынша, Nur Otan праймеризі – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға. Бір жарым миллионнан астам адамды қамтыған кандидаттар бір ай бойы пікірсайыстың көрігін қыздырып, идеялары мен жобаларын таныстырды. Ел мен қоғам үшін маңызы зор ойларын ашық айтып, кәсіби, саяси қабілетін шыңдады, - деді ол. 

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары жүргізілген талдауларға сәйкес, тіркелген 10 073 кандидаттың ішінде праймеризге барлық деңгейдегі мәслихаттың 1410 қызметтегі депутаты қатысқанын атап өтті. Олардың 213-і партияішілік іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмаған. Яғни, праймеризден мәслихаттардың қызметтегі депутаттарының үштен бірі ғана өтті.

Ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 500-ден аса қатысушы – волонтерлар, көпбалалы аналар, қарапайым педагогтар, дәрігерлер, кәсіпорын қызметкерлері және басқалар. 

Бұл ретте, праймериз партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүшені тартуға мүмкіндік берді. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 4-шісі дауыс беру қорытындысы бойынша ең жоғары рейтингке ие болды. 

Осылайша, праймериздің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Nur Otan-ның барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдері 60%-дан астам жаңарады деп айтуға негіз бар, - деп жазды Бауыржан Байбек. 

Ол өз жазбасында Жақтастар лигасының рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Жақтастар лигасының қолдауымен түрлі тәртіп бұзушылықтар мен айла-амалдардың дер кезінде жолы кесіліп, ашықтық пен айқындық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Жақтастар лигасының 30-дан астам мүшесі праймеризге қатысу үшін партия қатарына кірді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 6 адам өз қаласы мен ауданында алғашқы 10-дыққа кіріп, келесі кезеңге өткен. 

Кездесу барысында қызықты да креативті ұсыныстар тілге тиек етілді. Оның ішінде партия жұмысын одан әрі жетілдіру, Жақтастар лигасын институционалдандыру мүмкіндігі секілді тың ұсыныстар бар. Сонымен бірге халықтың өзекті мәселелерін шешуге байланысты жұмылып істейтін жұмыстарды жалғастыру жөнінде де келісімге келдік. Жақтастар лигасында атап өткендей, праймеризде ұтылғандар жоқ, бәрі де игілікке жетті. Ең алдымен бұл іс-шара еліміз үшін игілікті болды!, - деп түйіндеді ол.

Фото: дереккөз
Загрузка...