Тәртіпті бұзбау, ол заңнан қорқу емес, әр адамның адамгершілік қасиеті – полицей

23 Маусым 2020, 18:16
2485
Бөлісу:
Тәртіпті бұзбау, ол заңнан қорқу емес, әр адамның адамгершілік қасиеті – полицей

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың екінші ақпанында Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Марат Нұрымбетов суға батып бара жатқан 12 жасар баланы құтқарып қалған болатын. Осыған орай, полиция капитанына биыл өзінің кәсіби төл мерекесінде "Ерлігі үшін" медалі берілгелі жатыр. Ерліктің үлкен, кішісі болмайды. Бастысы, полиция адам өмірін сақтап қалды.

Полиция капитаны Марат Рахметұлының айтуынша, оқиға қыс мезгілінің түнеріп, бетті қаритын суық желді күні болған. Түстен кейін шамамен сағат 16:50 болған кез. Өзі қызмет атқарып жүрген Жетісай аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан сыртқа шығып, көлікке міне берген сәтінде рациясына "Достық" каналына суға құлап кеткен бала туралы хабарлама келіп түседі.

7672cd49-0017-45da-93bb-18eb176fca96.jpg

Қасымда әріптесім бар еді, дереу көліктің дабылын қостық та, оқиға болған жаққа қарай асығыс тартып кеттік. Каналға үш минуттың ішінде жеттік. Жағаға бірнеше адам жиналып қалыпты. Ал бала судың ортасында бір батып, бір шығып, жанталасып жатыр екен. Қыс мезгілі болғандықтан қар еріп, каналдың суы толып кеткен. Күн ызғарлы болғандықтан, мұздай суға ешкімнің түскісі келмеді ме, әлде жүзе алмайтындар жиналған ба, ол жағын білмедім. Кейбіреулер қызықтап, телефонына түсіріп жатты. Мен канал жағасына жеткен бойда киімімнің бәрін шешіп тастап, суға секіріп кеттім. Су шетінде жатқан шланганы қолыма мықтап қысып ұстап алдым. Өйткені, судың ағысы қатты әрі терең еді. Екеумізді де су түбіне тартып кетуі мүмкін. Тым болмаса, баланы шлангаға орап құтқарып қалайын деген ой болды. Жасөспірім балаға жүзіп бардым да, денесін жұлқи тартып, бір қолыммен қапсыра құшақтаған күйі бері қарай жүздім. Жағаға жақындап қалған кезде аяғымды қайырып алдым. Бала болса қолымда, батып кетеміз бе деп қорқып едім, алайда бойыма қайтадан күш жиналып, жағаға алып шықтым. Балада күш қалмаған, көп су жұтып қойыпты. Жағадан әріптестерім күтіп алды. Баланың денесі былқ-сылқ, жансызданып бара жатты. Жағаға шығысымен жедел жәрдемді күтпей, қызметтік көлікке тез салып алдық та, ауруханаға қарай зулай жөнелдік, - деді полиция капитаны болған оқиғаны еске алып.

Марат жолда кетіп бара жатып, балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жасанды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасаған. Суықта тоңып қалған денесі мен қолдарын ысқылап, жылытуға әрекет еткен. Осылайша, әріптесі екеуі баланы емханаға жеткізіп, ақ халатты жандардың қолына аман-есен табыстаған. Бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Бір күннен соң палатаға ауыстырылды.

Небәрі 12 жастағы жеткіншек емес пе? Әрине, баланың ата-анасы алғыстарын айтты. Бұл мен үшін ерлік емес. Баланы құрмет көрейін, белгілі болайын деп құтқарғаным жоқ. Менің орнымда кез келген адам болса да солай істейді. Бар ойым баланы аман алып қалу болды, - деді Жетісай АПБ-нің анықтаушысы, полиция капитаны Марат Рахметұлы.

Полиция капитанының айтуынша, бала судың жағасында ойнап жүрген. Достық каналының үстінен жүргізілген газ құбырынан өтіп бара жатып, ортасына жеткен кезде суға құлап кетіпті.

ffbab2dd-eb28-4f81-91b1-733182e307bd.jpg

Марат Нұрымбетов Түркістан облысы Жетісай ауданында 1990 жылы 8 наурызда дүниеге келген. Жалпы орта мектепті бітірген соң 2007 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түседі. Оқу орнын 2011 жылы бітіріп шығады. Ол сол уақыттан бері Жетісай полиция бөлімінде жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарып жатыр. 2019 жылы анықтаушы қызметіне ауысады.

Туған жерінде құқық қорғау саласында қалтқысыз қызмет етіп жатқан Марат тәртіп сақшысы антына адал, халықтың қорғаны болуы керек деп есептейді.

Полиция болу – менің бала кездегі арманым, сонымен қатар, әр ер азамат өз елін, Отанын қорғау міндеті деп білемін. Полиция қызметкері болғаныма өкінбеймін, керісінше, тәртіп сақшысы екендігімді мақтан тұтамын. Тәртіпті бұзбау, ол заңнан қорқу емес, әр адамның адамгершілік қасиеті мен өзіндік болмысына байланысты деп ойлаймын, - деді ол.

Оның сөзінше, Мақтаарал ауданының халық саны 370 мыңдай болып қалады. Сондықтан да бұл ауданда полиция қызметкерліне берілген штат саны аз деп атап өтті.

Полицияның әр күні әртүрлі болып келеді. Бір күн екіншісіне мүлдем ұқсамайды. Күніге сан қилы жағдай мен оқиғалар болып отырады, - дейді.

Еңбек өтіліне 12 жыл толған шақта 12 жасар баланы құтқарып қалып, әріптестерінің үлгі етер мақтанышына айналған Марат Нұрымбетов аз сөйлеп, іспен дәлелдейтін полиция екенін көрсете білді.

Өзгелердің жаңалығы