Бас жаңалықтар
Пітір садақаны кімге берген дұрыс?
24 Сәуiр 2020, 14:41 2175

Пітір садақаны кімге берген дұрыс?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Рамазан айында орындалуы тиіс құлшылықтардың бірі – ол пітір садақасы. Оны кімдер беруге міндетті? Кімдер пітір садақасынан босатылады? Бұл туралы "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы Нариман Исеновтен сұхбат барысында сұраған едік.

– Пітір садақа мен жалпы садақаның айырмашылығы бар ма?

– Айырмашылығы бар. Себебі садақа мал-мүліктен беріледі. Ал пітір садақа адам өмірге келгені үшін, жан садақасы, бас амандығы үшін беріледі. Жағдайы бар адамдар бұл пітір садақасын беру – уәжіп. Яғни күнделікті тұрмысынан бөлек 595 гр күмістің құнындай артық қоры болса, пітір садақасын бере алады. Ол осы күнгі 127 мың теңгеге сәйкес келеді. Осындай қоры бар әрбір кісі 370 теңге көлемінде пітір садақасын беру керек. Егер ондай қоры жоқ болса, ол кісіге пітір садақа беру міндетті емес.

– Ал 370 теңгелік мөлшер қалай есептеледі?

– Бұл мөлшер негізінен екі килограмм бидайдың құнымен өлшенеді. Алайда қазіргі заманда бидай емес, дүкендерде ұн сатылады. Ал біздің елдегі ең арзан ұнның құны 370 теңгенің мөлшерінде. Сондықтан да әр жыл сайын осы ұнның құнына байланысты пітір садақаның мөлшері де өзгеріп отырады. Негізі пітір садақаны мейізбен де, құрмамен де беруге болады.

– Пітір садақаны онлайн беруге болатындай жағдай жасалды. Бұл пітір садақаны міндетті түнде ҚМДБ-ға беру керек деген сөз бе?

– Жоқ. Бұл тек қазіргі карантин кезінде халыққа жасалып отырған жеңілдік. Үйінен шықпай-ақ пітір садақасын бере алады. Бұған дейін халақ мешітке әкеліп беретін, ал мешіт мұқтаж жандарға тарататын. Қазір еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мешіттер жабық. Сондықтан онлайн жүйесі іске қосылды.

– Негізі пітір садақа кімдерге берілуі керек?

– Ең бірінші, қажет болған жағдайда бауырларына, туысқанына, көршілеріне беру керек. Одан кейін барып өзге де мұқтаж жандарға беруге болады. Сонымен қатар, адам өзінің ата-анасына, әйеліне, баласына пітір садақа бермейді. Себебі ата-анасын, әйелін, бала-шағасын асырау, бағу – міндет.

– Бұл садақаны қай уақытқа дейін беру керек?

– Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, айт намазына дейін берілу керек. Сонда ол пітір садақа болып есептеледі. Ал егер айт намазынан кейін беретін болса, ол жәй садақа болып саналады.

– Ал пітір садақаны қайтқан кісінің атынан да беруге болады ма?

– Жоқ. Бұл тек тірі пенделер үшін берілетін садақа.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде Рамазан айының оразасын ұстаушылар саны жылдан жылға артып келеді. Оразаны жаңадан бастап жүрген жандар үшін "Нені ескеру керек? Неге мән беру керек?" деген сауалдар жиі қойылып жатады. Сол себепті философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Жалғас Садуахасұлынан оразада ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап алған болатынбыз.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...