Бас жаңалықтар
Пікіріңіз өзгеруі мүмкін - АШМ өкілі депутатты бақтарды өз көзімен көруге шақырды
01 Сәуiр 2021, 18:10 138

Пікіріңіз өзгеруі мүмкін - АШМ өкілі депутатты бақтарды өз көзімен көруге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова депутаттық сауал жолдап, Ауыл шаруашлығы министрлігінің жұмысын сынға алған болатын. 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов бау-бақша шаруашылығын арнайы қолдау шаралары туралы айтып, депутат Ирина Смирнованы шаруашылықтарды өз көзімен көруге шақырды.

Бағбандарды қолдаудың арнайы шараларының қатарында тамшылатып суаруға және қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалатын шығындардың жартысын өтеуге арналған субсидиялар бар. Бұдан бөлек техника сатып алуға және бау-бақша отырғызуға бағытталған инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Сонымен қатар сыйақы мөлшерлемесі субсидияланатын қаржыландыру бағдарламаларын да атап өтуге болады, - деді ол.

Оның айтуынша, өткен жылы тәлімбақпен айналысатындардың өтініші бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі көшеттер өндірісін субсидиялау бойынша жаңа бағдарлама әзірледі. Онда тәлімбақ көшеттеріне арналған техника сатып алуға инвестициялық субсидия қарастырылған.

Қазақстанда саланы дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысы өнеркәсіптік бау-бақша өсіруге тиімді өңір емес. Сондықтан, біз Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарына басымдық береміз. Құрметті депутатты «Дала Фрут», «Амал Био», «Alma Mater Fields», «Александровский сад» сияқты шаруашылықтарды көзімен көруге шақырамыз. Бұлар – өнімді сақтау инфрақұрылымы, бақшаны күту мен алма жинаудың тиімді технологиясы бар заманауи өнеркәсіптік бақтар. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы жобаны қолдамай-ақ Қазақстанның бау-бақшасын қалпына келтіру және одан әрі дамыту мүмкін емес деген сауал жолдаған автордың пікірін өзгертуі мүмкін, - деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, ол ескірген немесе қате деректер таралып кетпеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі кез келген қажет ақпаратты беруге және ашық диалогқа дайын екенін айтты.

Фото: дереккөз
Загрузка...