Павлодарлық кардиохирургтар Екібастұз қаласы тұрғынының жүрегіне «жамау» салды

18 Қаңтар 2019, 12:24
3165
Бөлісу:
Павлодарлық кардиохирургтар Екібастұз қаласы тұрғынының жүрегіне «жамау» салды

Астана, BAQ.KZ. Облыстық кардиоорталықта Екібастұз қаласы тұрғынының өмірін сақтау бойынша сирек кездесетін ота жасалды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Бұл туралы клиниканың жүректің ишемиялық ауруы бөлімінің жетекшісі Алмас Антикеев айтты. 61 жастағы тұрғын кардиоорталыққа миокард инфарктісі бойынша шұғыл жағдаймен түскен. Ер адам емдеуден өтсе де, жағдайы ауыр күйде сақталған.

«Миокард инфарктісі көп кездеседі. Кейбір кезде миокардтың (жүрек бұлшықеті) үзілуімен аяқталып жатады. Екібастұздық пациенттің миокарды стационарға түскеннен соң 4 күннен кейін үзілді. Қосымша зерттеулер үзілу қарынша аралық қалқада болғанын және жүрек қарыншасының артқы қабырғасы үзілгенін көрсетті. Әдетте мұндай өзгерістер өлімге әкеп соқтырады. Алайда, диагноздың дәл қойылуы мен дәрігерлердің шапшаңдығының арқасында аман қалды», - деді Алмас Антикеев.

Кардиоорталықтың мәлімдеуінше, қарынша аралық қалқаның 2х2 сантиметр көлемдегі ақауына ксеноперикардамен (биологиялық материалдан жасалған пластина) «жамау» салған. Клиниканың жеті маманы 5 сағаттан астам уақыт науқастың өмірі үшін күресті.

«Бұл пациентте ілескен аурулар көп. Оған қоса, ол қант диабетінен инсульт алған. Егер ол адам стационарда болмағанда, аман алып қалу мүмкін емес еді», - деді кардиохирург.

Бөлім жетекшісінің айтуынша, мұндай хирургиялық жағдайлар сирек орын алады. Мысалы, өткен жылы осындай ота кардиоорталықта бір рет қана болған. Жүректің ишемиялық ауруы бөлімінде ашық жүрекке жылына барлығы 340-қа дейін ота жасалады.

Өзгелердің жаңалығы