Павлодарлық ақкөңілділер аптасына екі рет 400 бөлке нан таратады

11 Ақпан 2020, 17:26
1452
Бөлісу:
Павлодарлық ақкөңілділер аптасына екі рет 400 бөлке нан таратады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің ақкөңілділер клубы аптасына екі рет 400 бөлке нан таратады. "Тегін нан" акциясы облыстың сауда нүктелері мен діни орындарында ұйымдастырылады.

Еріктілер клубының мүшесі Нұр Смайыловтың айтуынша, "Тегін нан" акциясын өткізудегі мақсат - жұртшылықты қайырымды болуға шақыру, көмек көрсетуге үндеу.

Қайырымды іске дүкен иелері мен жергілікті наубайханашылары қолдау білдіріп келеді. Олар тегін нан үлестіреді. Біз ас атасын сауда нүктелеріндегі арнайы орындарға апарамыз. Біздің мақсат - жақсылық жасау, - дейді Нұр Смайылов.

Айта кетейік, бұл ақкөңілділер клубы жасаған қайырымдылық акциялардың бір парасы ғана. Бірлестік 500-ге жуық акция ұйымдастырған. Үш жыл бұрын құрылған ұйым екі жыл бұрын Қазақстандағы үздік ұйым атағына ие болған.

1368.PNG

Үш жыл бұрын Павлодарда бір отбасының үйі түгі қалмай жанып кетті. Құжаттар мен тұрмыстық заттардың барлығы түгелі өртенді. Ал жанұя далада қалып қойды. Сол сәтте бір топ белсенді әлеуметтік желіде үндеу жариялап, қаражат жинай бастады. Ақша қысқа мерзімде жиналды. Бірақ, бір кәсіпкер сол отбасыға пәтер алып берді. Ал жиналған қаражатқа жиһаз сатып алынды. Сол сәтте біз күш біріктірсек, көмектесе алатынымызды түсіндік, - дейді еріктілер.

Клубтың негізгі бағыты - ауруға шалдыққан балаларға көмектесу. Үш жыл ішінде 147 млн теңге жиналып, балалардың ата-аналарына табысталды. Экологиялық акцияларға да қызығушылық жоғары. 

"Қақпақтар құтқарады" деген шараға балабақшалар, мектептер мен мемлекеттік мекемелер жұмылдырылған. Қоршаған ортаның жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтар бөтелкелердің қақпақтарын клуб мүшелеріне тапсыруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде 16 тонна қақпақ жиналып, қайта өңдеуге тапсырылды. Ал жиналған 2 млн теңге қайырымдылыққа жұмсалды.

Ақкөңілділер клубы биылғы жылы "Мейірімділік керуені" республикалық байқауының "Асар" атылымы бойынша Құрмет грамотасына ие болған.

Өзгелердің жаңалығы