Павлодарда жаңа спорт түрлерін дамыту қолға алынады

11 Ақпан 2019, 11:44
2103
Бөлісу:
Павлодарда жаңа спорт түрлерін дамыту қолға алынады

Астана, BAQ.KZ. Павлодарда Жастар жылы аясында су добы, көгалдағы хоккей және регбиді дамыту көзделуде.

Бұл қала әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесуінде белгілі болды, деп жазады pavlodarnews.kz.

«Биыл су добы, көгалдағы хоккей мен регби секілді жаңа спорт түрлерін дамыту көзделуде. Оларды біздің балалар-жасөспірім спорт мектептері, «Шымыр», «Толқын», Ertis Olympic бассейндері мен үлкен футболға арналған жасыл алаңдар негізінде дамытамыз. Дүние жүзі жастары сүйсіне айналысатын бұл спорт түрлерінде павлодарлық жастардың мерейі үстем болады деп сенеміз», - дейді Әнуар Күмпекеев.

Одан бөлек, шаһар тұрғыны Владимир Малаховтың «Батыр» спорт кешенінің жай-күйі жөніндегі сұрағына жауап берген Павлодар қаласының әкімі Ануар Күмпекеев аталған ғимараттың жөнделетінін жеткізді.

«Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жобаға сәйкес «Батырды» жөндеуге 150 миллион теңге қажет. Мемлекеттік сараптама қорытындысын қолға түсіргеннен кейін іске кіресетін боламыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, биыл Павлодарда 23 шағын футбол, 56 стритбол және 18 балалар алаңы салынады.

Өзгелердің жаңалығы