Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп

11 Ақпан 2019, 11:32
6302
Бөлісу:
Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп
PHOTO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Шахматтан әлемдік гроссмейстер, бірнеше дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасовамен әңгімелесу барысында қазіргі қазақ шахмат ойынының біршама жетістікке жетіп қалғанын байқадық.

- Шахмат ойнауды қай жастан бастадыңыз?

- Бес жасымнан бастап шахмат ойнауды үйрене бастадым. Ал шындап шахмат турнирлеріне он жасымнан бастап қатыстым.

- Кімнен үйрендіңіз?

- Сол бес жасымнан бастағанда, ең алғаш Астана қаласындағы Омаров атындағы шаxмат мектебіне барғанмын. Сол мектепте шахматтың алғышарттарымен, әліппесімен таныстым.

- Қазақ шахмат ойынының дамуы жайлы не айтасыз?

- Тәуелсіздік жылдарынан бұрынғы кезді айтпай-ақ қояйын. Өзім көзіммен көріп, ортасында жүрген қазіргі кезге тоқталғаным дұрыс шығар. Мысалы, мен шахмат ойынына араласа бастаған кезде Қазақстан шахматтық мемлекет ретінде ешкімге танымал емес еді.

Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп

Мен 2007 жылы 12 жасқа дейінгі әлем чемпионатына қатысып, күміс алғанда, барлығы таңқалды. Өйткені Қазақстаннан келген қыз кенеттен екінші орыннан көрінгені бұл – тосын оқиға еді. Сол кезде Тәуелсіздіктің алғашқы 13 жылында бірде-бір қазақстандық шахматшы әлем чемпионатында жүлделі орынға шыға алмаған болатын.

Бұл мақтанғаным емес, бірақ менің жүлдем еліміздегі шахматшыларға үлкен күш берді деп ойлаймын. Және біздің жас жеткіншектер үшін де жүлделі орындарға ие бола алатынымызды көрсетті.

Сондай-ақ әлемдік қоғамдастық бұл мәселені ескере бастады. Осы медальдан кейін, балалардың нәтижесі әлемдік саxнада бірталай жақсарды.

- Нақты тоқтала кетсеңіз?

- Ең әуелі Әлемдік шахмат қауымдастығы Қазақстан құрамасын мықты команда ретінде танып, бізбен санаса бастады.

Одан бөлек, 2012 жылы Олимпиадада біз 12-орынды алсақ, 2014 жылы біз 6-шы орынға ие болдық. Қазіргі таңда біздің әйелдер құрамасы шахмат олимпиадасында 135 команда арасында өз орнына ие.

Әрине біз ғана емес, ерлер командасы да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олар блиц-бақылауларда, жылдам шахматтарда көптеген медальға ие болды. Қазір тіпті жастар арасында да өзіміздің чемпиондарымыз бар. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы 6 қазақстандық FIDE комиссия мүшелігіне енді. Бұның барлығы Қазақстандағы шахматтың дамуының белгісі деп ойлаймын.

- «Шахмат – ақылдылардың ойыны» дегенді жиі естиміз. Шахмат шебері болуы үшін шынымен ерекше қабілет иесі болу керек пе?

- Менің ойымша, әр адам өз ерекшеліктеріне байланысты өзін дамыта алады. Шаxмат шебері болу үшін көп еңбектену керек және бұған ерекше қабілет иесі болу керек емес деп ойлаймын.

- Шахмат – интеллектуалды ойын. Елімізде бұл ойынды қалай дамытуға болады?

- Ең тиімді жолы – кітап шығару және арнайы шахмат мектептерін ашу. Сонымен қатар, бір мезгілді ойын сеанстарын өткізу. Көптеген қалаларда және облыс орталықтарында бір мезгілде ойындар, мастер-класстар және турнирлер өткізу елімізде шахмат ойынын жақсы дамытады. Қазір өзім де осы бағытта жұмыс істеп жатырмын.

- Осы сала бойынша екі кітабыңыз жарыққа шықты. Өзіңіз білетін шахмат ойынының қыр-сырын толық бере алдыңыз ба?

- Толық бере алдым деп ойлаймын. Кітаптар жаңадан бастаушылар мен кәсіби шахматшыларға, жаттықтырушылар мен мұғалімдерге, тіпті ата-аналарға да арналған. Мұнда біз шахматтың негізін тереңірек қарастырдық. Қосымша бөлімдерді, жаңа ойындарды қостық. Соның ішінде халықаралық жарыстардан, әлем чемпионатындағы ойындарда осы кітаптарда бар. Сонысымен де бұл кітаптар жаңа бастағандар мен шахмат ойнауды енді үйреніп жүргендерге де өз пайдасын тигізеді деген ойдамын.

Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп
- Сонда екі кітабыңыздың мазмұны бір ме?

- Солай деуге де болады. 2014 жылы мен шаxмат ойнауды енді бастағандарға арнап, өзімнің ойындарыма негізделген кітабымды жарияладым. Ол орыс тілінде жарық көрді. Ал өткен жылдың соңында осы оқу құралы негізінде қазақ тілінде кітабым шықты. Бұл жолы мен «бос орынды» толтыру керек екенін түсіндім. Себебі қазақ тілінде шахмат әдебиеті жоқтың қасы. Ал гроссмейстердің өз ойынына негізделіп жазған оқу әдістемелік құралдар мүлдем жоқ. Бұл бүгінгі таңдағы басты олқылықтардың бірі. Сонымен қатар, кітап шығару үшін не ақын, не жазушы болуы керек деген стереотип қалыптасқан. Шын мәнісінде салалық әдебиетті сол саланың нағыз маманы жазу керек деп ойлаймын.

- Сіз үшін шахмат ойын ба, өнер ме?

- Менің ойымша, ойын және кәсібім. Себебі шаxмат ойнау үшін ерекше қабілет иесі болу керек емес. Ең бастысы - көп еңбектену.

Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп

Мен үшін жастарға шахмат - ойын ғана емес, өзін-өзі дамытудағы ең күшті құрал екенін жеткізу өте маңызды. Бүгінгі күні шахмат - бизнес-күрес үлгісінің бірі. Шахмат ойыны логиканы дамытады, миды жаттықтырады, есте сақтауды арттырады, тиімділікті жоғарлатады және қысқа мерзімде назарды шоғырландыруға ықпал етеді. Шахмат – стратегиялық ойлауды ғана емес, сонымен қатар адамның жеңіліске деген дұрыс көзқарасы мен мақсат қою рухын қалыптастырады. Ал өз өнерін игілікке қолдана білетін, адал және бәсекелестікке мықты жастар, менің ойымша, Қазақстанның болашағы.

- Өзіңіз білетіндей, жаңадан жетістікке жетіп келе жатқан бір сіңіліңіз Ресей атынан өнер көрсететін болды. (Бибісара Асаубаева) Бұған қандай көзқарастасыз? Бір талант шетке кетті-ау деп өкінген кезіңіз болды ма?

- Өкінген кезім болған жоқ. Әрбір адам таңдауға құқылы және бұны айыптауға болмайды.

- Жансая Әбдімәлікпен ойнап көрдіңіз бе? Егер ойнасаңыздар кім жеңуі мүмкін?

- Жансая Әбдімәлікпен бір командада жұмыс істейміз, бір міндет, бір мақсатқа жұмыламыз. Яғни, мүмкіндігінше көптеген медаль ұтып алу үшін еңбектенеміз. Ал Жансаямен ойнауға келер болсақ, 2016 жылы облыс әкімінің кубогы үшін Павлодарда өткен жедел турнирді айта аламын. Екеуміздің тартысты ойынымыз менің пайдама шешілді. Ал жақында Санкт-Петербургта өткен Әлем чемпионатында Жансая екеуміз қарсылас болған жоқпыз, бірақ жалпы есепте тең ұпай жинадық.

- Болашағыңызды қалай елестетесіз? Бәлкім танымал адамдар секілді саясатқа бет бұрасыз?

- Қазіргі таңда мен бар уақытымды шахматқа арнап келемін. Өз қызметім аясында республиканың көптеген қалаларында және облыс орталықтарында бір мезгілде ойындар, мастер-класстар және турнирлер өткізудемін.

Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп

Сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің Адал ниетті елшісі ретінде мен еліміздегі балалардың құқықтарын қорғауға тырысамын. Бұл өте құрметті, жауапты қызмет және бізде шынымен де шешуді қажет ететін көптеген мәселе бар екенін түсінемін. Мен өзімнің танымалдығымның көмегімен осы мәселелерге қоғамның назарын аудара аламын деп үміттенемін.

- Жас шахматшыларға қандай баға бересіз?

- Менің сессияларымның ойыншылары арасында болашақ әлем чемпиондары, гроссмейстерлер мен шеберлер бар деп шынайы сенемін. Біздің жастар интеллектуалды әлеуетке ие, оны ашуға және дамытуға өз үлесімді қосуға тырысамын.

- Қазір әлемдік дәрежеде, өзіңізді біреулер үлгі тұтатын деңгейге жеттіңіз. Дегенмен жас кезіңізден кімді үлгі тұттыңыз?

Динара Сәдуақасова: Мен үшін шахмат – әрі ойын, әрі кәсіп

- Көптеген шахматшылардың ойыны мені шабыттандырады. Мәселен, Гари Каспаровтың ойындарына таңданамын. Көп жыл бойы ол шахмат ойынының шыңында болды. Әлемдік рейтингтің төрінен түспеді. Оның күші мен әмбебаптығы мені таңқалдырады. Ал шын мәнінде «мен шахмат ойынында мына адамды үлгі тұтамын» деп ешкімді айта алмайды екенмін.

- Әңгімеңізге қарап отырып, бос уақытыңыз бола бермейтінін байқадым. Дегенмен қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз?

- Расымен, күнделікті жұмыс барысында бос уақыт табу оңай емес. Дегенмен, ондай мүмкіндік болып жатса, оны тиімді пайдалануға тырысамын. Мысалы, кітап оқып, сүйікті музыка тыңдауға әуеспін. Ал қыс болса, шаңғы теуіп, жазда үлкен теннис ойнап, бассейнге шомылуға барамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай

Фото: Динара Сәдуақасованың жеке қорынан

Өзгелердің жаңалығы