Бас жаңалықтар
Павлодардағы ең ұзын көшеге Назарбаевтың есімі берілді
21 Наурыз 2019, 11:05 565

Павлодардағы ең ұзын көшеге Назарбаевтың есімі берілді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласындағы ең ірі Тәуелсіздік көшесіне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Осындай шешім облыс әкімдігі мен мәслихатының бірлескен отырысында бірауыздан қабылданды.

Осылайша, Тәуелсіздік көшесі Назарбаев даңғылы деп аталатын болды. Айта кетейік, көшенің атауын өзгерту ұсынысы бұған дейін облыс әкімінің халықпен есептік кездесуінде айтылған болатын. Бұл көшенің бойында «Шаңырақ» халық шығармашылығы және ойын-сауық орталығы, Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті сияқты ірі нысандар орналасқан.

«Әлемнің қай түкпіріне барса да, «Кімсің?» деп сұрағанда «Қазақпын» деп жауап берсек, шетелдіктер Нұрсұлтан Назарбаевты еске алады. Бұл - заңды құбылыс. Себебі, бүгінгі таңда еліміздің жеткен жетістіктері - Тұңғыш Президентіміздің арқасы. Біз өз тарапымыздан облыс орталығындағы ең ірі көшеге Назарбаевтың есімін беруді құптаймыз», - дейді жиынға қатысқан ҚХА облыстық филиалы жанындағы «Нұр Ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.

 Айта кетейік, Тәуелсіздік - қаладағы ең ірі көше. Өткен жылы 10 шақырымға жететін көшені абаттандыруға баса назар аударылған. Жарықтандыру мақсатында жергілікті бюджеттен 180 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар, абаттандыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде көше кеңейген даңғылға айналды.


Фото: автордан

Сізден жаңалық