Павлодарда 64 ұйым тегін медициналық көмек көрсетеді

31 Қаңтар 2019, 13:41
2658
Бөлісу:
Павлодарда 64 ұйым тегін медициналық көмек көрсетеді

Астана, BAQ.KZ. Павлодар облысында мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін медициналық көмек көрсететін ұйымдарға 37,5 млрд теңге бөлінді.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы мәлімдеді, деп жазады pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында мемлекетік тапсырыс бойынша 64 ұйым медициналық көмек көрсетеді. 2019 жылдың жалпы сомасы 37,5 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде жеке клиникаларға 4,2 миллиард теңге бөлінді. Жеке клиникаларды қаржыландыру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан.

Тегін медициналық қызмет көрсетуге шарт жасасқан ауруханалар мен емханалардың толық тізімімен Қордың www.fms.kz сайтынан қарауға болады. Қордың Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, 2019 жылы медициналық қызметтерді сатып алуға өткен жылмен салыстырғанда бюджеттен 5 пайызға артық қаржы бөлінген.

«Бөлінген артық қаржылар жалпы тәжірибе дәрігерлерінің жүктемесін төмендетіп, емханалық және жедел жәрдем тарифін көтеруді қосқанда амбулаторлық-емханалық көмекті дамытуға бағытталды. Сол арқылы учаскелік қызметкерлерге қосымша ынталандыру ақысын төлеу, жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын өсіріп, онкологиялық ауруларды емдеуге кешендік жоспар құру көзделіп отыр», - деді Айдар Сейітқазинов.

Айта кетейік, халыққа тегін медициналық көмек Қазақстан Үкіметімен бекітілген кепілді тегін медициналық көмек көлемі тізіміне сәйкес көрсетіледі. Бұл қызметті Қазақстан азаматтары, оралмандар, елімізде тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар ала алады. Қазақстанға уақытша келген шетелдіктерге шұғыл медициналық көмек тегін көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы