Бас жаңалықтар
Павлодар облысында су басу қаупі бар 31 аймақ анықталды
26 Ақпан 2020, 09:25 123

Павлодар облысында су басу қаупі бар 31 аймақ анықталды

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қызыл су басуы ықтимал 31 елді мекен анықталды. Бүгінде салалық мекемелер арнайы техника мен жеке құрамдарын даярлап қойған.

Техника мен мамандардың әзірлігі "Көктем" арнайы оқу-тактикалық жаттығуларда пысықталды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің хабарлауынша, бүгінде қар суынан келетін қауіпті алдын алу мақсатында тас жолдар мен теміржолдардың бойында су өткізу құбырлары тазартылып жатыр. 

Жалпы, аймақта су тасу екі кезең бойынша өтеді. Алғашқысы қардың еруі болса, екіншісі - су қоймаларынан келетін су. Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысындағы Шүлбі су қоймасынан су босатылып, Ертіс өзеніне құйылатыны белгілі. Салдарынан облыс орталығына жақын маңдағы Ленин кенті мен Кенжекөл ауылдарына қауіп төнеді. Сол себепті дайындық жұмыстары қазірден қолға алынды, - дейді Ернұр Өтегенов.
Су басуы қаупі бар ауылдардың қатарында Ақсу қаласында өзен бойындағы елді мекендер, Қарағанды облысының Ақжар бөгетінің аймағындағы Баянауыл ауданы және Ақмола облысындағы су қоймасынан зардап шегуі ықтимал Ақтоғай ауданының ауылдары бар. Олардың ішіндегі ең ірісі ауыл - Кенжекөлде 9 мыңнан астам халық бар.

Қар еріп, су елді мекендерге кіріп кетсе, өңірде тасқынмен күрес жұмыстарына 600-ден астам құтқарушы мен арнайы техниканың 600 бірлігі дайын.

Метереологиялық қызмет мамандарының хабарлауынша, алдағы уақытта қар түсуі мүмкін. Қаңтар айында жауған жауын-шашынның көлемі екі айлық нормадан асқан. Айта кетейік, биылғы қыстағы жағдай үш жыл бұрын байқалған.


Фото: автордан
Загрузка...