Павлодар облысында ауыл шаруашылығы музейі ашылды

13 Желтоқсан 2019, 14:18
3215
Бөлісу:
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы музейі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодарда өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимаратта ауыл шаруашылығы музейі ашылды, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Музейдің тұсаукесер рәсімі облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өтті. Өңір басшысы мұражай экспозициясын толтырып, павлодарлық аграрлық сала тарихын түгендеуге бір адамдай атсалысқан ардагерге алғысын білдіріп, еңбек ардагерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Бірінші кезекте сіздерді шын жүректен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. 90-жылдары ауыл шаруашылығының жай-күйі қандай болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Дегенмен, бүгінде адамдар еңбек етуде, жер өңделуде, өнім алынуда – бәрі өз орнына келе бастады. Соның бәрі Елбасының көреген саясатының арқасы, - деді  Болат Бақауов.

Облыс әкімі музейге тарихи маңызы бар аса құнды құжаттарды сыйға тартты. Оның ішінде 1940 жылғы Павлодар облыстық атқарушы комитетінің 1-сессиясының хаттамасы да бар. Құжатқа көктемгі егістікке әзірлік және облатком жанынан халық шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы және өзге де бөлімдерді құру туралы тарихи шешімдер енген. Музей басшысы, Павлодар ауданының құрметті азаматы Юрий Дубовицкий атап өткендей, мұнда өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің Қазан революциясына дейінгі 1887-1917 жылдардан бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңін қосқандағы тарихы көрсетіледі.
Музейдің басты мақсаты – адамдардың жермен және оның табиғи сыйларымен байланысын көрсету болып табылады. Музей қорында үш мыңға жуық экспонаттар және түрлі құжаттардан тұратын анықтамалық материалдар бар. Экспозиция 29 стенд, 27 витрина және 15 стеллажда орналасқан, - деді Юрий Дубовицкий.
 


Өзгелердің жаңалығы