Бас жаңалықтар
Парижге жол тартқан бірегей ретрокөліктер Павлодарға аялдады
17 Маусым 2019, 14:08 327

Парижге жол тартқан бірегей ретрокөліктер Павлодарға аялдады

Павлодар. BAQ.KZ. Әлемге танымал «Бейжің-Париж» раллиінің қатысушылары жол-жөнекей Павлодарға соқты. Ретрокөліктердің ішіндегі ең ескі темір тұлпардың жасы 112 жылдан асыпты.

Бұл көліктің бағасы 1 млн АҚШ долларына жетеді. 

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, 120 экипаждан тұратын керуен Қытай Халық Республикасынан екінші маусымда шыққан. Автошабандоздар 35 күннің ішінде 14 мың шақырымды еңсеруді жоспарлауда.

Айта кетерлігі, 120 көліктің 98-і Ресей-Қазақстан шекарасынан өткен. Қалғаны жолда сынып тоқтап қалды. Павлодарлық тарап қонақтарды Құлынды-Шарбақты бекетінен қарсы алып, облыс орталығына дейін еріп жүрді.


«Әр көліктің өз тарихы бар. Раллиге қатысқан ең ескі автомобиль 1907 жылы құрастырылған. Бір дананың бағасы 1 млн АҚШ доллларына бағаланады. Саяхатшылар үшін бұл ралли арзан дүние емес. 35 күндік сапар 50 мың фунт стерлинг тұрады. Біз өз тарапымыздан темір тұлпарларға техникалық қолдау көрсетуге көмектестік. Мәселен, 1955 жылғы көліктің иесі машинасын жуу бекетіне шығарып салуды өтінді. Меймандарға барынша қолдау білдіруге тырыстық», - дейді ұйымдастырушы Игорь Коновалов.

Раллиге қатысушылардың географиясы кең. Олардың қатарында Автралия, АҚШ, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея ... жалпы есепте 26 мемлекет бар.

Павлодарлықтарды «винтаж» санатындағы атвомобильдер қызықтырды. Бұл санатқа 1941 жылға дейін құрастырылған көліктер жатады. Ұлыбританиядан келген инженер-саяхатшы Дэвид Мэйннің жолсерігі ретро-көліктің жасы 90-ға жеткен. Оны саяхатқа дайындауға төрт жыл жұмсапты. Ал екінші қатысушы норвегиялық Алекс Васботен «Алвис» көлігімен келіпті.


«Көлікті Ұлыбританиядан 10 жыл бұрын сатып алдым. Ол шамамен 300 мың АҚШ долларына бағаланады. Бүгін сапарымызға 40 күн болыпты. Бүгінгі күнге дейін Қытай, Моңғолия, Ресей мемлекеттерін араладым. Моңғолияда шөлді жерлермен жүрдік. Біз сағатына 50 шақырымнан 150 шақырымға дейін жүреміз», - дейді Алекс Васботен.

Айта кетейік, «Бейжің-Париж» 1907 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.


Фото: автордан
Загрузка...