Бас жаңалықтар
Өзбекcтанда отандастардың қатысуымен бизнес-форум өтті
23 Қыркүйек 2019, 15:41 361

Өзбекcтанда отандастардың қатысуымен бизнес-форум өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ҚР Өзбекстандағы Елшілігінің, «Атамекен» ҰКП ССП-ның және Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының қолдауымен аталған елде тұратын іскер отандастармен бизнес-форум өткізді.

Шетелде тұратын қандастармен байланыс орнату және нығайту жөніндегі қор бағдарламасының бір бөлігі-аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Өзбекстандағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнату.

Жиынға қатысушы іскер отандастарды алдымен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков құттықтап, Өзбекстандағы қандастармен бизнес-форум өткізудің мақсаты мен миссиясын түсіндірді. Және екі ел арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластықты одан әрі нығайту үшін іскерлік байланыстарды күшейту керек екендігіне тоқталды. Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Отандастар қоры қызметтерінің негізгі бағыттарын, сондай-ақ шетелдегі диаспорамен жұмыс істеу жөніндегі негізгі жобаларын атап өтті.

Аталған іс шараға ҚР Өзбекстандағы өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, қатысушыларды Отандастар қорының ұйымдастыруымен Өзбекстандағы қандастар арасында алғаш рет өткізілген бизнес-форуммен құттықтады.

Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов аталған елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің экономикалық мүмкіндіктері жайында сөз қозғап, іскер қандастардың негізгі кәсіп салаларын және Қазақстанмен іскерлік байланысты нығайту үшін алдымен сауда-саттықты күшейту қажет екенін алға тартты.

Іс-шараға Қазақстаннан арнайы келген ұлттық қолөнермен айналысатын «Жусан» кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Тоғабай Нұрмұратұлы мен «Ел тірегі» қазақстандық шағын және орта бизнес қауымдастығы төрағасы Асқар Әбубәкіров өздерінің нақты іскерлік жобаларымен таныстырды.

Бизнес-форум барысында ДҚҚ төрағасының орынбасары Арғын Оспанов пен Отандастар қоры Президентінің кеңесшісі Болат Дидар шараға қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктерін, шағын және орта бизнес саласындағы бизнес-бастамаларды ынталандыру, сондай-ақ стартаптарды қолдау және дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Тоқыма өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету саласының дамуына, технологиялық өндірістерді құруға негізделген Өзбекстан нарығының бейінін ескере отырып, осы салаларға баса назар аударылды. Форум қатысушыларына Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.

Форум жұмысына 50-ден астам адам қатысты. Олар өздерін қызықтыратын стартаптар, бизнес-бастамалар, қолда бар жобалар туралы айтып, спикерлерге сұрақтар қойып, бизнес жоспарлар мен бастамаларды Қазақстанда, сондай-ақ халықаралық нарықта жылжыту мүмкіндіктерін талқылады.

Форум соңында ДҚҚ Төрағасының Бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Өзбекстанда тұратын қандастарға Отандастар қорының ұсыныстарға ашық және тұратын жеріне қарамастан барлық отандастармен "байланыста" тұрғанын, ол үшін барлық өзекті мәселелер бойынша кеңес беретін және ақпараттық қолдау көрсететін отандастар мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арнайы құрылғанын айтты.

Өзбекстандағы бизнес-форум тамыз айында Сан-Франциско қаласында өткен жиыннан кейінгі төртінші форум. Әр елде тұратын отандастармен 8 елде (ГФР, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Түркия және Ресей) бизнес-форум өткізу жоспарланған.


Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық