Көргенін ғана қабылдайтын адамдарды қалыптастырудан сақтануымыз керек– профессор

4 Мамыр 2021, 14:01
1967
Бөлісу:
Көргенін ғана қабылдайтын адамдарды қалыптастырудан сақтануымыз керек– профессор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тілдің цифрландырудағы рөлі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Қазақстанның цифрлық трансформациясы: мақсаттар, міндеттер және табыстың негізгі факторлары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында пікір білдірді.

Бүгінде дамыған елдердің барлығы цифрландыруға бет бұрып отыр. Біз қазірдің өзінде цифрландыруға кіріп кеттік. Цифрлық технологияны дамыту, цифрлық технологияларды жаппай енгізу, негізделген контенттің барлығын цифрлы форматқа өткізу әлемнің жетекші елдерінде жүргізіліп жатыр. Қазақстан – осы көшке ілесіп жатқан елдердің бірі. Арнайы цифрландыруға арналған бағдарлама қабылданды. Министрлік құрылды. Мемлекеттік органдар да, компаниялар да цифрландыруға көшіп жатыр. Бүгінгі конференцияның тақырыбы да осы. Қазақстанның цифрлық трансформациясы деген маңызды тақырыпты қарастырамыз. Цифрландырудың филологияға тікелей қатысы бар. Ең алдымен, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту үшін осы цифрландырудың мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек, - деді ғалым.

Оның айтуынша, интернет желісінде қазақтілді контенттің үлесін көбейтіп, қазіргі цифрландыру талаптарына сәйкес безендіріп беру керек. Әртүрлі саланың мамандарына қажетті ғылым, ақпарат, технология немесе басқа жасөспірімдерге арналған видеоконтент заман талабына сай болуы тиіс.

Қолданыстағы технологиялар арқылы көріп, пайдаланып, қажетіне жарататындай жағдай болуы керек. Оның ішінде тілдің корпусын жасау, терминологиялық базаны қалыптастыру сияқты жұмыстар бірінші кезекте жүзеге асырылуы қажет. Сонымен бірге, цифрландыруды философтар, әлеуметтанушылар, психологтар, педагогтар, лингвисттер, жалпы әлем ғалымдары бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Оны біз көп жағдайда жұмысымызды жеңілдететін, әсіресе есептеу жағынан адамға көп көмек беретін, миллиардтаған цифрларды табан астында есептеп беретін тұсын айтамыз. Бірақ оның екінші жағын да қарастыру қажет. Өйткені цифрландыру біртіндеп клиптік ойлауға, тілді қарапайым етуге, тілдің бейнелік-образдық қырын жоғалтуға әкеледі, - деп ол цифрландырудың екінші қырына тоқталды.

Ғалымның пікірінше, интеллекттен айырылып, ойлай алмайтын, тек көргенін қабылдай алатын адамдарды қалыптастырудан сақтануымыз керек.

Ол үшін технологияның құлы болмай, дұрыс пайдаланып, өзіміздің ұлттық мазмұнды, ұлттық мәдениетті технология арқылы ұрпақ санасына сіңіруге көп көңіл бөлген жөн. Құр безендірілген дайын картинамен ойлайтын адам өзі ой қорыта алмайтын жағдайға жетеді. Мазмұн керек. Мұны әлем ғалымдары дәлелдеп отыр. Цифрландыру жақсы, оның жетістігін пайдаланып, көштен қалмау керегі түсінікті, бірақ соңынан еріп жүріп, тілі жұтаң, өз бетімен ой қорыта алмайтын ұрпақ тәрбиелеп шығарудан сақтанған жөн. Ал ол үшін цифрландыруды тіліміздің, өнеріміздің ұлттық ерекшеліктеріміздің айқындап, жақсы бағытта қолдануға күш салу керек, - деді Шерубай Құрманбайұлы.

Шерубай Құрманбайұлы жалпы журналистиканың көптеген функцияларын цифрлық технологиялар алып жатқанын айтады.

Өзге елдерде лингвоэстетика сияқты пәндер бар. Біз де тіл мәселесіне көңіл бөліп, этнолингвистика, лингвоэстетикаға курстар енгізгеніміз дұрыс. Қазақтілді қауым ғаламтордан өзіне керекті ғылыми ақпаратты таба алса, басқа тілге жүгінудің қажеті болмайды. Мазмұнды таза контент болса, қазақ тіліне сұраныс кеңейеді. Контент бермесек, қазақ тіліндегі ақпарат жұтаң болса, тура сол сияқты заң мен іс-қағаздар тілінде қазақ тілінің рөлі төмендесе, тілді ғылымға енгіземіз деп айта алмаймыз. Тілдің өрісін кеңейту немесе тарылту өзімізге байланысты, - деп ғалым өзекті мәселеге тоқталды.
Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы