Отандық балуан Әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі

8 Қазан 2021, 11:01
6147
Бөлісу:
Отандық балуан Әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ослода өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова финалда Масако Фуруичиге есе жіберіп, күміс медальге ие болды. 72 келідегі ақтық сын 0:3 есебімен жапониялық балуанның пайдасына аяқталды.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жәмила Бақбергенова кеше жартылай финалда түркиялық балуан Бусе Тосунды сенімді жеңді. Есеп 13:2. Ал ширек финалда тартысты белдесуде франциялық Ванесса Весканнан айласын асырды. Бұл жекпе-жек 10:10 есебімен тең аяқталған. Жәмила соңғы әдісті жасағандықтан келесі кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, Жәмила мен Масако осымен төртінші рет бозкілемде күш сынасты. Оның үшеуі жапониялықтың, біреуі қазақстандық спортшының пайдасына аяқталған. Алдыңғы, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлде үшін болған белдесуде Масаконың 2:0 есебімен мерейі үстем түсті.

Жәмила Бақбергенова 2012 жылдан кейін қазақ қыздары арасынан ересектер арасында әлем чемпионатының финалына шыққан балуан. Сол жылы Гюзель Манюрова алтын үшін таласта қарсыласына есе жіберген еді. 

Бұған дейін Жәмила Бақбергенованың әлем чемпионатында жартылай финалға шыққаны хабарланды.

Өзгелердің жаңалығы