Өскенбаев Қарағандыдағы ірі кәсіпорындардың құрылысын тексерді
5 Мамыр, 09:16 425

Өскенбаев Қарағандыдағы ірі кәсіпорындардың құрылысын тексерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, өңірде салынып жатқан және өңдеу өнеркәсібіндегі іске қосылған жаңа кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты. 

Бұл туралы ИИДМ басасөз қызметі хабарлады.

Саран қаласында ИИДМ басшысы KamaTyresKZ ЖШС шина шығаратын зауыттың құрылыс барысымен танысты. Кәсіпорын өкілдері министрді атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Қазіргі уақытта зауытта 700 мың шаршы метрден астам алаңда қадаларды батыру, сондай-ақ темірбетон бағаналары, металл конструкциялары мен сэндвич-панельдерді монтаждау жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстары аяқталып, өндіріс орны келер жылдың басында іске қосылады деп күтілуде.

Өткен жылы инвесторлар тарапынан аталған жобаға шамамен 44 млрд теңге салынып, жыл басынан 6,1 млрд теңге жұмсалған. Жалпы бұл жобаға 125 млрд теңге инвестиция құю көзделген. Жетіспейтін инфрақұрылымдардың құрылысы бойынша мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілетін болады.

ИИДМ-нің жаңа индустриялық саясатына сәйкес жоба импортты алмастыруға, сондай-ақ дайын өнімді таяу және алыс шетелдерге экспорттауға бағдарланған. Жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін зауыт жылына 3,5 млн шина шығарады деп жоспарланып отыр.

Саран қаласының солтүстік өндірістік аймағында Qaztehna ЖШС автомобиль жасайтын жаңа зауыт орналасқан. Компанияның бас директоры Аргулан Майконовтың айтуынша, өндіріс орны өткен жылдың шілде айында іске қосылғаннан бері кәсіпорын 221 автобус жасап шығарды. Зауыт 1,5 мың бірлік техника жасауға қауқарлы. Олардың қатарында, құрылыс және жол техникасы, сондай-ақ автобустар мен троллейбустар бар, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Qaztehna-да 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, тағы 100 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жетіспейтін өндірістік инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру жөніндегі жоба мақұлданды.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында индустрия министрі «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС-нің ферросиликоалюминий өндіретін зауыт құрылысының барысымен танысты. 2023 жылы құрылысы аяқталғаннан кейін құны 86 млрд теңгені құрайтын ірі кәсіпорын жергілікті 1145 тұрғынды жұмыспен қамтиды. Зауыт жылына 175 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы.

Қарағандының Октябрь өнеркәсіптік аймағында орналасқан AsiaFerroAlloys жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы байытылған көмір концентраты өндірісін және ферроқорытпа зауытын іске қосқан болатын. Инвестициялардың жиынтық көлемі 32 млрд теңгеден асты. Кәсіпорындар 400-ге жуық маманды жұмыспен қамтамасыз еткен.

Аталған байыту фабрикасында жұмыс барысында жаңа технологияларды пайдалану жоспарлануда. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы 2 млн тонна көмір концентратын құрайды.

«Сарыарқа ферроқорытпа зауыты» жыл сайын 57 мың тонна ферроқорытпа өндіруді жоспарлап отыр. Аталған тауарларды Еуроодақ, Ресей, Грузия, Жапония және басқа да елдерге экспортқа шығару көзделген.

Сондай-ақ, AsiaFerroAlloys  компаниясы марганец кенін қайта өңдеу фабрикасының құрылысын аяқтап жатыр. Кәсіпорынды іске қосу үшін дайындық жұмыстары, атап айтқанда электр қуатымен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыс сапары барысында Қайырбек Өскенбаев YDD Corporation ЖШС ферросилиций шығаратын зауытта болды. Жобаның негізгі жұмысы ферросилиций мен ферромарганецке деген жергілікті және жаһандық сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...