Өскемендік оқушылар салауатты өмір салтын сақтауға арналған әлеуметтік бейнероликтер түсірді

26 Сәуір 2019, 08:56
2605
Бөлісу:
Өскемендік оқушылар салауатты өмір салтын сақтауға арналған әлеуметтік бейнероликтер түсірді
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне арналған шара қорытындыланып, жүлделі орындарға ие болған үш мектептің оқушыларына арнайы сертификаттар табысталды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне орай облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы Өскемен қаласындағы орта мектептердің 7-8 сынып оқушылары арасында бейнеролик жасаудан жарыс өткізді. Бір ай бұрын қалалық білім бөлімі мен барлық орта мектептерге конкурстың ережесі жолданып, бүгін қорытындысы шықты. «Сау болу – ол сәнді» ұранымен өткізілген конкурстың басты мақсаты – балалардың дене белсенділігін арттыру. Жарыстың негізгі талабы бейнероликтің әлеуметтік бағытта болуы. Қатысушыларға бейнероликтің қысқа әрі түсінікті, сондай-ақ дене белсенділігін көрсетуі қажет деген талап қойылды. Шараға қаланың 12 мектебінен 15 үміткер қатысып, жүлделі үш орын анықталды», - деді ШҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының атқарушы директоры Саруар Қожаханова.

Өскемендік оқушылар салауатты өмір салтын сақтауға арналған әлеуметтік бейнероликтер түсірді

Биыл алғаш рет өткізіліп отырған конкурсты жылда дәстүрлі шараға айналдыру жоспарда барын алға тартқан жауапты тұлға мұндай конкурстардың осымен ғана шектеліп қалмай жыл соңына дейін тағы бірнеше рет ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.

«Аталған конкурс 2016-2019 жылдарға арналған Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы мен «Сау болу – ол сәнді» Ұлттық бағдарламасын іске асыру мақсатында өткізілді. Шара облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бейнероликтерге оқушылар жауапкершілікпен қарап, көпшіліктің қатысуын қамтамасыз еткен», - деп қосты облыстық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері Айгерім Батырханова.

Конкурс қорытындысы бойынша үш жүлделі орын анықталып, үздіктер қатарында қалалық №42, Мұхтар Әуезов атындағы №17 және №10 орта мектептердің 7-8 сынып оқушылары көрінді. Оларға Алғыс хаттармен қатар «Вита мир» фирмасынан арнайы сертификаттар табысталды.

Өзгелердің жаңалығы