Бас жаңалықтар
Ораза кестесі болмаған жағдайда не істеу керек?
28 Сәуiр 2019, 12:13 2149

Ораза кестесі болмаған жағдайда не істеу керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы еліміздегі барлық облыс орталықтары мен шағын қалаларға арналған ораза ұстау кестесін бекітті. Алайда көптеген аудандар мен ауыл тұрғындары үшін ораза кестесінің болмауына байланысты біздің редакцияға хабарласатын оқырмандар көбейді. 


BAQ.KZ тілшіcі бұл сұрақтың жауабын Республикалық Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы  Бақытжан Өткелбаевтан сұрап білді.

«Кезінде аталарымыз ораза ұстаған уақытта бүгінгідей арнайы ораза кестесі болған жоқ. Ол кісілер таңның атысы мен күннің батысына қарап ораза ұстаған. Сәресі яғни ауыз бекіту уақыты таң намазының кіруімен байланысты. Таңның атуына да аса мән беру керек, таң алдында бірінші найзадай болып қана күннің шапағы көрінеді, кейін көкжиектен арайлап,  шашырап көріне бастайды. Осы кезде ауыз бекітуіміз керек.  Ал, күн ұясына толық батқан кезде ауыз ашар уақыты келеді. Қазіргі таңда қалалық жерлерде биік ғимараттардан таңның атқаны мен күннің батқанын бақылау мүмкін емес. Сол себепті кестеге жүгінгеніміз жөн. Аудандық, ауылдық жердегі кісілер облыс орталығы бекіткен кестемен бекітсе болады», - дейді наиб имам Бақытжан Өткелбаев.

Бұған дейін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен 2019 жылғы Ораза кестесін жариялаған болатынбыз.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...