Қопа көлінің маңайы абаттандырылады

28 Қаңтар 2019, 11:30
5702
Бөлісу:
Қопа көлінің маңайы абаттандырылады

Көкшетау. Baq.kz тілшісі. Көкшетаудың іргесіндегі Қопа көлін тазартудың нақты жоспары жасалды. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Көкшетаудың іргесіндегі Қопа көлін тазартуға қатысты мәселе ұзақ жылдардан бері айтылып келеді. Әкім көлді талапқа сай қылуға қатысты жоспарын алға тартты.

«Бұл мәселені біз көлге жіберген балықтар, әрине, түбегейлі шеше алмайды. Себебі, көл жағасындағы үйлерден лас сулар сонда ағуда. Сондықтан, Қопа таза болуы үшін алдымен көл жағасындағы үйлер алынып, жол салынып, көл жиегі биіктелуі керек. Жағалаудан үш жерден суағарлар тоғысатын жерлерге сүзгі орнату жоспарланып отыр. Сонда ғана көліміз үнемі таза болады», – деді қала басшысы.

 Биыл Қопа көлінің маңайын абаттандыру, қолайлыландыру әрі қарай жалғаспақ.

«Кенесары көшесінен Хан орталығына дейінгі жағалаудағы үйлер түгел сүріліп, велосипедшілер жолы, әртүрлі демалуға қолайлы әлеуметтік нысандар салынады. Биыл яхт-клуб ашылатын болады. Екі жерден жағажай орын тепкенін білесіздер, олар да қызмет көрсету түрлерін жетілдіре түспек. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен, үздіксіз жүргізіле бермек», – деді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Шаһарда тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанымен, өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі үйлер – «хрущевкалар» қала ажарын кетіріп тұр. «Тозығы жеткен сұрықсыз үйлер сүріле ме?» деген сауал көпшілікті алаңдатқанымен, бұл болашақтың еншісіндегі шаруалар.

«Қазір қалада ескі үйлерді бұзып, алып тастаудан бұрын іргеміздегі көлді тазалау, жылу, су секілді атқарылуға тиіс жұмыстар көп. Қаншама көпқабатты үйлер салынып жатыр, жер телімдері беріліп жатыр, сонда да әлі пәтер кезегінде тізімде тұрғандар көп. Сол мәселелерді шешіп алайық. Бюджет қаражаты өлшем-есепсіз емес қой. Ол үйлер жуық арада болмаса да болашақта сүріледі», – деді әкім.

Көкшеліктердің ауыз суға зәрулігі шегіне жеткен мәселе. Құбыр арқылы келетін су сапасыз болғандықтан, тек тұрмыстық қажеттілікке ғана қолданылып жүр. Әкім бұл мәселенің қалай шешілетінін айтып берді.

«Көкшетауда үш ең күрделі мәселе бар. Біріншісі жылу-электр стансасын салу. Ол қысы-жазы ыстық су пайдалануға мүмкіндік береді, қыста қаланы тұмшалайтын көк түтіннен құтқарады. Электр қуаты үшін төлемақы төмендейді. Екіншісі канализация желісін ауыстыру. Ол оқтын-оқтын болып тұратын тұрба жарылыстары, тағы сол сияқты тосын қиындықтарды болдырмайды. Үшіншісі, ауыз су мәселесі. Ол желіні де түгел ауыстыруымыз керек. Бұл жұмыстар аса күрделі қаражатты қажет етеді. Жоспармен, жүйелі, кезең-кезеңмен шешіледі. Соңғы екі желінің жобалық-сметалық құжаттары бекітіліп келді, енді ол күрделі жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар күтеміз», – деді Е.Маржықпаев.

Әсем Ұланқызы
Өзгелердің жаңалығы