Олар да адам...

27 Маусым 2019, 14:13
4239
Бөлісу:
Олар да адам...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан Арыс қаласының тұрғындарына Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов осылай жауап берді.

Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы Арыс қаласын қалпына келтіру ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес Үкіметтің тұрақты назарына алынғандығын мəлімдеді.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, шаһар басшысы барлық тұрғындарға ел болып көмек көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Шымкент қаласының тұрғындары да эвакуацияланған азаматтарға барынша қолдау білдіріп, көмек беріп жатқандығын түсіндірді. Қала аумағында 56 эвакуациялық пукттер ашылғандығын, оларда барлығы 39400 азамат тіркелгендігін атап өтті. Эвакуациялық пункттердің барлығына бірінші кезектегі тауарлар мен азық-түлік тауарлары тұрақты жеткізіліп отырғандығына назар аударды. 

"Сіздер Шымкенттен үй беруді талап етіп жатсыздар. Бүгінде үй алуға кезек күтіп 130 мың адам тұр, олар мүгедектер мен табысы төмен азаматтар. Оларға мен не деп айтуым керек. Мен сіздерге бермеймін, Арыс тұрғындарына беремін деп пе? Олар да адам... Арыс - бұл жақсы қала, станция. Экономикасы дами береді. Ертеңнен бастап ол жақта ешқайдай әскери қару-жарақ болмайды, барлығын алып кетеді. Жаңа үйлер мен жаңа жолдар салынады "- деген Шымкент қаласының әкімі халықты сабырға шақырды.

Сонымен қатар, ол жолды жабу арқылы Шымкент қаласы аумағынан жер, үй талап ету ешбір заңға сəйкес келмейтіндігін баса айтты. 

Өзгелердің жаңалығы