Бас жаңалықтар
Оқушыларға антибиотиктерді дұрыс пайдалану туралы интерактивті сабақ өтті
19 Қараша 2019, 18:35 303

Оқушыларға антибиотиктерді дұрыс пайдалану туралы интерактивті сабақ өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 18-24 қараша күндері аралығында антибиотиктерді дұрыс пайдаланудың дүниежүзілік апталығы өтіп жатыр. Осы орайда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы кеңсесі "Нұр-Орда" мектеп-лицейінде оқушыларға арналған "Бірыңғай денсаулық" тақырыбында интерактивті сабақ өткізді. 

Жалпы, антибиотиктерді дұрыс пайдалану – дәрігерлердің қолында. Пациентке антибиотикті тағайындау шешімін тікелей сол науқасты емдейтін дәрігер қабылдайды. Бұл орайда дәрігердің қателесуге хақы жоқ. Егер алдағы 10 жылда антибиотиктерді алмастыра алатындай өнім ойлап таппасақ, онда бұл үлкен апат, катастрофа деп санаймын. Біз үнемі айтып келеміз антибиотиктерді аса ұқыптылықпен қолдану керек. Бұл өте нәзік дүние. Қазіргі күні ауыл және мал шаруашылығында оларды аса салғырттықпен қолданады. Бұл барып тұрған бассыздық. Саясаткер де, бизнесмендер де жауапкершіліксіз қарайды, - дейді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Олег Честнов.

Оның айтуынша, мұндай білім беру іс-шараларын өткізу бала жастан дұрыс тәрбиелеу және дұрыс дағдылар мен мінез-құлық дамытуға оң ықпал етеді. Балалар өздері естіген ақпаратты отбасында ересектермен бөлісе отырып, халық арасында өмірлік маңызды ақпараттың таралуына жағдай жасайды деп ойлаймызқазіргі мектеп оқушылары білімді, алғыр және олардың ойлау жүйесі дамып кеткен. 

Бүгінгі денсаулық саласына арналған интерактивті сабақ балалардың өте сауатты екенін көрсетті. Тіпті, антибиотиктердің бактерия мен вирусқа қалай әсер ететінін де білім отыр. Яғни, оқушылар жан-жақты дамыған. Бұл шараның басты мақсаты – аурулардың алдын алуға бағытталған салауатты өмір салтын қалыптастыру және өз денсаулығы мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету, - деп атап өтті Олег Честнов. 

Сабақ барысында балаларға көптеген аурулардың қалай пайда болатыны, бірінші кезекте жануарлармен қарым-қатынаста неге көңіл аудару керектігі, сондай-ақ қарапайым гигиена ережелерін сақтамау қандай салдарларға әкеліп соқтыратыны түсіндірілді. 

Бұл орайда "Нұр-Орда" мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Қоңырбаевтың пікірін білген едік.

Негізі, мынау атқарылған іс-шара тәрбиелік сабақ болып табылады. Біздің мектепте тәрбие беру жүйесі құндылықтарға негізделген. Бұл арнайы білім жүйесі. Бұл әдістемені Англиядан алып отырмыз. Яғни, барлығы 18 сабақтан тұрады. Мәселен, бірінші ай "Ынтымақтастық" деп аталды, екінші ай – "Құрмет айы" деп аталды. Міне, бізде осы ай "Денсаулық айы" болып жатыр. Қарашада атқарылған шаралар, сабақтар, кездесулердің бәрі осы денсаулық саласына бағытталды. Ол тек сабақтан тыс уақытта ғана емес, сабақтың ішінде де өтеді. Яғни, белгілі бір тақырыпты толығымен қамтимыз. Айдың басында біз бүкіл мектеп персоналын жинаймыз. Сосын бірігіп іс-шара өткіземіз. Мысалы, асханадағы қызметкерлерге барып, "Сіздер балаға салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында не істей аласыздар?" деп сұраймыз. Біздің мектепте ол тек бір ғана мұғалімнің мойнына жүктелмейді. Бәріміз жұмыла отырып жұмыс істейміз, - деп атап өтті мектеп директорының орынбасары Ерлан Қоңырбаев.

Бүгінде медициналық қауымдастық микробқа қарсы препараттарға төзімділік адамдарда немесе жануарларда емес, бактерияларда дамып жатқанына назар аударып отыр. Бұл бактериялар адамдар мен жануарларға жұғуы мүмкін және төзімділігі жоқ бактерияларға қарағанда, осындай бактериялар туғызған инфекцияларды емдеу қиынға түседі.

Интерактивті сабақ барысында мен антибиотиктерді қандай жағдайда қолдану керек екенін, қандай кезде болмайтынын білдім. Оның адамға пайдасы да, кері әсері болатынын түсіндім. Мысалы, вирусты жұқтырып алсаң, антибиотик емдемейді. Себебі ол вирусқа қарсы тұра алмайды. Ал, бактерияларға төтеп бере алады. Яғни, бактерияны жоя алады. Белсенді спорт түрлерінің бірі – үлкен теннисте ойнаймын. Бұл менің денімнің сау болуына, сергек әрі мықты болуыма көмектеседі. Және де көру қабілетімді арттырады, - дейді сабаққа аса қызығушылықпен қатысып отырған "Нұр-Орда" мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Бектөре Бекет.

Фото: автордан
Загрузка...