Бас жаңалықтар
«Нұрлы жол». Ақылы жолдар мәселесі мен жол сапасы қандай?
05 Желтоқсан 2020, 11:28 479

«Нұрлы жол». Ақылы жолдар мәселесі мен жол сапасы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының табысты жүзеге асырылғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы ретте еліміздегі жол сапасы қалай? Жол саласы мамандарға тапшы ма? Сондай-ақ, жолдағы басты проблемалар мен еліміздегі ақылы жолдар мәселесі, жалпы атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ біле аласыздар.

 Жолдау-2020. Президент тапсырмасы

2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасының табысты жүзеге асырылғанын айтты.

Сондай-ақ, ел Президенті өзекті мәселенің бірі – көлік-логистика кешенін дамыту екенін баса айтты.

«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бо­йынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. Дегенмен, бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек, - деген болатын Тоқаев Жолдауда.

Сонымен қатар, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі тың инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жаңа мемлекеттер мен ком­панияларды тарту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және транзиттік бағдар­лардағы жылдамдықты арттыру есебінен өсуге тиіс.

Алдымызда тұрған міндет – 2025 жыл­ға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, - деді Мемлекет басшысы.

 «1000 мектеп». Жол саласында мамандар тапшы

Елімізде жол саласына қатысты кәсіби білікті маман тапшылығы сезіліп отыр. Ол жасырын емес. Осы мақсатта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК «1000 мектеп» акциясын қолға алған болатын. 2020 жылдың басында орталықтың бастамасымен аталған акция басталды. Оның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарын кеңінен қамту. Орталықтың мамандары мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері арасында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Жастар жол саласы мамандығының ерекшеліктері мен келешегі туралы жан-жақты мәлімет алады. «1000 мектеп» акциясы пандемия кезінде онлайн форматта ZOOM, Instagram арқылы өткізілді. Акция аясында 1015 мектеп, 12 ЖОО және 17 колледж қамтылды. Орталықтың қызметкерлері - жол саласындағы тәжірибесі мен білімі мол мамандар. Сонымен қатар, жаз кезінде Жол активтері ұлттық сапа орталығының филиалдарында 50 студент ақылы тәжірибеден өтті.

Әр студентке 80 мың теңге көлемінде айлық төледік. Жол-көлік саласындағы орташа айлық жалақы республика бойынша 30%-ке жоғары. Сондықтан жол саласына келіңіздер, оқуға түсіңіздер. Біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз, - деген болатын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ, аталған акция аясында жұмыстар жалғасып жатыр.

Қазақстандағы ақылы жолдар

Қазіргі таңда елімізде жалпы ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы учаске бар. Бірінші ақылы учаске – «Нұр-Сұлтан – Щучинск», оның ұзындығы 211 шақырым. Бұл автожол 2013 жылдан бастап ақылы болды. 2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде «Нұр-Сұлтан – Теміртау», ұзындығы 134 шақырым, 295 шақырым «Алматы – Қорғас» және ұзындығы 42 км болатын «Алматы  – Қапшағай» жолдары.

Ақылы учаскелерде төлемақы мөлшері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен бекітілген.

Айта кетейік, өткізу пунктінде кептеліс болдырмас үшін алдын ала төлем жасау жүйесі енгізілген. Жеңіл автокөліктер үшін арнайы төлем жүйесі бар. Яғни алдын ала төлем жасаған автокөліктердің төлемақысы екі есе арзан. Сонымен қатар, ақылы автожолдың маңайындағы елді-мекендерде тіркелген автокөліктердің құны 1000 теңгені құрайды және ал бір жылдық абонемент қарастырылған.

«QazAvtoJol»-дың мәліметінше, 2019 жылы ақылы жолдар бойынша 5 млрд 389 млн теңге жиналды. Ақылы 4 учаске бойынша 10,5 млн автокөлік жүріп өтті. Жиналған қаражат заңға сәйкес жол жөндеуге, жолдағы қозғалысты ұйымдастыруға, ақылы жолдарды қажетті құралдармен қамтамасыз етуге жұмсалады.

 «Нұрлы жол». Атқарылған/атқарылатын жұмыстар

2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 3000 шақырым жол жөнделіп, жаңартылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар 7000 шақырым автожол жөнделді. Оған 100 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды.

Республикалық маңызы бар 3 мың шақырым автожол салынды және реконструкцияланды, оның ішінде толық аяқталған Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі, Нұр-Сұлтан - Қарағанды, Алматы - Талдықорған, Көкшетау - Петропавл, Ақтау - Бейнеу, Орал - Каменка учаскелері, Қордай асуын айналып өту, Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы жолдары бар, - деп министр Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында баяндаған болатын.
Айта кетейік, бұл бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі - автомобиль жолдарын дамыту.

Министрдің айтуынша, автожолды пайдаланушыларға сапалы жол бойындағы сервиспен қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы 1822 нысанның 1 мыңы Ұлттық стандартқа сай жасалынды. Бюджет және жеке капитал есебінен қосымша 73 нысан салынды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.Сонымен қатар 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Президенттің Жолдауына сәйкес 11 мың шақырым жолды қалпына келтіру қажет. Осы ретте бірінші және екінші санаттағы техникалық жолдар санын 60%-ға жеткізу жұмысы тұр. 

Жаңа бағдарлама аясында автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде республикалық желінің 10 мың шақырымын қайта жаңарту,  11 мыңын жөндеу, ал жергілікті желінің 27 мың шақырымын жөндеу жоспарлануда.

Елімізде республикалық маңызы бар 24 мың шақырым жол бар

Елімізде республикалық маңызы бар 24 мың шақырым жол бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 мың шақырым жолды толықтай жөндейміз және оның жағдайы жақсы, қанағаттанарлықтай болуы керек. Биылғы жылы 4 мыңнан аса шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 2600 шақырымына бір жолақпен жүріс беріледі деп жоспарланып отыр. Талдықорған мен Өскемен арасындағы, Қарағанды-Алматы бағытындағы жолдар, БҚО-да Қандыағаштан Мақатқа дейін, Атырайдан Астраханға дейін жолдарда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда 30 мың адам жұмыс істеп жатыр. Оған жол бойындағы тас шығаратын кәсіпорындарды қоссақ, онда 50 мыңға дейін жетеді, - деген болатын «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «Желмая» жобасында.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жол мамандарын табу қиын, арнайы мамандар тапшы.

Келесі жылы Алакөлге Алматы облысы және Өскемен жағынан да бара алатындай, асфальт жол жасалады. Қарағандыдан Алматыға дейін Қарағанды-Нұр-Сұлтан жолы сияқты 4 жолақты автобан болады. Оның кей учаскелерін келесі жылдың аяғында тапсырылу жоспарда бар. 2021 жылы біршама жұмыс аяқталады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан-Алматы жолын алдағы жылы тапсыру жоспарлануда, - деді ол.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы айтқандай, норматив бойынша күзде +5 градусқа дейін жол жасай беруге болады. Себебі әлі жер тоңып қалған жоқ, қызуы бар. Ал көктемде керісінше +15 градус болуы керек. Сондықтан осы факторлар ескерілсе, сапаға әсер етпейді.

Қазақстандағы жол-көлік оқиғалары

Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғалары тіркелген. 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі күйдегі жарақаттарды алған. Сондай-ақ, қаза тапқандардың 50%-і жастар. Олар тірі қалса, елімізге жақсылық жасап, ел экономикасына пайда әкелер еді, - деді Замир Сағынов ОКҚ-да өткен брифингте.

Ол Азия даму банкінің мәліметі бойынша 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасы салдарынан еліміздің экономикасына 9 млрд АҚШ доллар шығын келгенін айтты.

Сонымен қатар, ДДСҰ-ның мәліметіне сәйкес Қазақстан 171 елдің ішінде жол-көлік оқиғаларын 100 мың адамға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-орында. Ал көрші ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, Ресейде 18 өлім, Беларусь 8,9 өлім. 

Жол-көлік оқиғаларының себебі қандай? 

ОКҚ-да өткен брифингте жол-көлік оқиғаларына әсер ететін негізгі факторлар айтылды. 

Жол-көлік оқиғаларының болуы бірқатар факторға байланысты. Бұл ауа райы мен жолдардың қауіпсіздігіне қатысты. Бірақ ең бастысы бұл – адами фактор. Жүргізушілер өздерінің қателіктерінен апатқа ұшырап жатады. Мұны  біздің еліміздегі жүргізу мәдениетінің жоқтығымен байланыстыруға болады. Оған дәлел елдегі жол-көлік оқиғасының басым бөлігі жылдамдықты арттыру салдарынан болып жатады. Статистикаға сәйкес, апаттың 30 пайызы жылдамдықты арттырған үшін болады. Мұндай жағдайлар иесінің қарауынсыз жүрген малдарға қатысты орын алады. Соңғы 5 жылда малды басып кету бойынша 643 жол-көлік апаты тіркелді. Үй жануарларының жолдарда жүрмеуі үшін үй жануарларының иесін заңды түрде жауапкершілікке  тартуы керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, жол белгілері мен таңбалардың сапасы жол қауіпсіздігіне даусыз маңызды элементтерінің бірі, - деген болатын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов. 

Атамқұлов Президентке есеп берді 

Президент Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы жылдың 10 айында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардың қорытындылары мен министрліктің басым бағыттары жайында есеп берілді. 

Мемлекет басшысына 2020-2025 жылдарға арналған индустриаландыру бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар егжей-тегжейлі баяндалды. Бейбіт Атамқұлов пандемияға қарамастан жыл басынан бері өнеркәсіп саласы 3,2 пайызға өскенін айтты. Сонымен қатар жыл соңына дейін инвестиция көлемі 995 миллиард теңгені құрайтын 200 жоба іске асады. 

Министр жыл басынан бері «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілгенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбіт Атамқұловқа жергілікті жерлердегі жолдарды жөндеу, арендалық баспана құрылысын арттыру, сондай-ақ, ведомствоның негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді. 

  Автомобиль жолдары ұлттық сапа орталығы. 11 айда жасалған жұмыс қорытындысы 

  - 26 400-ге жуық жол-құрылыс материалдарынан сынама алды, соның ішінде 6 112-сі талапқа сәйкес еместігі анықталған; 

- 9 312 кемшіліктер (талапты бұзушылықтар) анықталды; 

- кемшіліктерді жою мақсатында 2,5 млрд теңгеден астам соманы құраған қайта құру жұмыстары ұсынылды. Бүгінде оның 2 млрд теңгеден астам сомасы көлеміндегі жұмыстары абыройлы атқарылып, кемшіліктер жойылды; 

- Ұлттық сапа орталығы елімізде алғаш рет республика көлемінде 16 мың км жолдарға диагностика жүргізуде. Бүгінгі күні оның 10 мың шақырымын зерттеуден өткізді. 

- Тексерілген жолдардың 78%-ы тегістігі бойынша талапқа сай, 50%-ы қауіпсіз болып саналатыны анықталды. 

Жол мәселесі жақсарады. Себебі бұл салаға қыруар қаржы бөлініп отыр. Рейтинг бойынша да біртіндеп жоғарылап барамыз. Дұрыс жолда келе жатырмыз. Жолдың сапасы жақсарып келеді, - деп айтқан болатын Замир Сағынов брифингте. 

Фото: дереккөз
Загрузка...