Қазақстан жол-көлік оқиғалары бойынша 74-орында

29 Қазан 2020, 16:54
4687
Бөлісу:
Қазақстан жол-көлік оқиғалары бойынша 74-орында

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да «Автомагистральдар бойынша жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» өткен онлайн брифинг барысында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Замир Сағынов айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылға жасалған есебі бойынша жыл сайын 1 млн 350 мыңға жуық адам жол апатынан қайтыс болады. Яғни күніне жол апаты салдарынан 3,5 мың адам көз жұмады. Одан бөлек, жылына 25 млн адам жарақаттанады. Әлемдегі экономикалық шығын ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) 3%-ін құрайды. 

Республиканың Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес соңғы 17 жылда 270 мың жол-көлік оқиғалары тіркелген. 49 мың адам қайтыс болып, 300 мыңнан астам адам түрлі күйдегі жарақаттарды алған. Сондай-ақ, қаза тапқандардың 50%-і жастар. Олар тірі қалса, елімізге жақсылық жасап, ел экономикасына пайда әкелер еді, - дейді Замир Сағынов.

Ол Азия даму банкінің мәліметі бойынша 2013 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасы салдарынан еліміздің экономикасына 9 млрд АҚШ доллар шығын келгенін айтты.

Сонымен қатар, ол баяндағандай, ДДСҰ-ның мәліметіне сәйкес Қазақстан 171 елдің ішінде жол-көлік оқиғаларын 100 мың адамға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші бойынша 17,6 өлім рейтингімен 74-орында. Ал көрші ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, Ресейде 18 өлім, Беларусь 8,9 өлім. 

Қауіпсіз елдер рейтинг көрсеткіші 5,5 адаммен Еуроодақ бастаса, нашар көрсеткіштерді Африка мен Латын Америкасы елдері көрсетті. Оларда 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 35 өлім келеді. Дегенмен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жол-көлік оқиғалары 100 мың тұрғынға шаққанда қайтыс болу көрсеткіші 10,4 өлімді құрады. Яғни ДДСҰ 2016 жылы жариялаған көрсеткішпен салыстырғанда 7,2 немесе 41%-ке қысқарған. Әйтсе де бұл көрсеткіш әлі де жоғары деңгейде. Сондықтан жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында жұмыстарды жалғастыра беру керек, - деп атап өтті ол брифингте.
Өзгелердің жаңалығы