«Нұрлы жер» бойынша пәтер алған тұрғындар кілттеріне неге қол жеткізе алмай жүр?

4 Қараша 2020, 16:55
1954
Бөлісу:
«Нұрлы жер» бойынша пәтер алған тұрғындар кілттеріне неге қол жеткізе алмай жүр?
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспаналы болған тұрғындар кілттеріне қол жеткізе алмай жүр. Жылдар бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақшаларын жинап, биыл байқаудан өтіп, шат-шадыман болған олардың қуаныштары ұзаққа созылмады.

Құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, кілтті әне-міне береміз деп уәде арқалап жүргендеріне осымен төртінші ай. Оның не себепті тапсырылмай жатқанын ешкім нақты түсіндірмеген. Банк құрылыс бөліміне, ондағылар мердігерге жол сілтейтін көрінеді. Әр есіктің табалдырығын тоздырып, жауап таппаған тұрғындар БАҚ өкілдерін шақырған.

Баспана кілтіне қол жеткізе алмай жүрген тұрғынның бірі Жұпар Галямованың айтуынша, мердігер жауап беруден жалтарады, ал банктегілер жағдайдан мүлдем бейхабар. Ал ресми жауап болмаған соң тұрғындар арасында небір болжамдар айтылуда. Олардың арасында үйдің мердігеріне ақша төленбей қалған деген сынды нұсқалар да бар. Қаржысын құйған тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарлама байқауына қатысқандарына өкінетіндер де бар.

Бізге ресми жауап керек! Үйдің кілтін қашан табыстайды, құрылыс жұмыстары аяқталса, біз неге әлі пәтер жалдап жүрміз?! Біз бұл үйді тегін алып тұрған жоқпыз, қаншама жыл ақша салдық. Қазан айында қала әкімі Алтай Көлгінов осы үйлердің құрылысы аяқталғанын айтып, пәтер иелеріне кілттерін де табыстап жатты. Алайда дәл осы үйдің тұрғындарының бір де бірі сол кілттерді қолдарына алған жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?! - дейді ол.

Мұнда жиналған 30 шақты тұрғынның да айтары осы. 

Нұр-Сұлтан қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров үй пайдалануға берілуге толықтай дайын екендігін растап отыр. Оның айтуынша, бар мәселе құжаттардың рәсімделу процесінің созылып кетуінде болып отыр.

«Нұрлы жер» бойынша пәтер алған тұрғындар кілттеріне неге қол жеткізе алмай жүр?

Бұл үйдің құрылысы 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша басталған. Үйдің жанына бағдарлама аясында тағы 4 үйдің құрылысы жүргізілген. Құрылыс жұмыстарына 6 мердігер компания тартылған.

149 пәтерлі бұл үй жобада 4-лот деп аталады. Үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынғанда, әр құрылыс нысанының өз мердігері анықталады. Яғни құрылыс жұмыстарын бір, абаттандыруды бір, инженерлік желіні тартумен тағы бір мердігер айналысады. Үйдің пайдалануға берілуі осы үш жұмыстың мерзімінде аяқталуына байланысты. Мәселен, мына үйдің құрылысы маусымның соңында аяқталып қойды. Алайда инженерлік желілер тартылып бітпегендіктен, оны күтуге тура келді, - дейді ол.

Оның айтуынша, үйлер тұрғызылған елорданың Қорғалжын тас жолы маңындағы бұл аудан жаңа болғандықтан, мұнда инженерлік желіні тартуға арналған әкімдіктің бөлек жобасы болған. Ол жоба аясындағы жұмыстар тамыз айының соңына аяқталып, бағдарлама аясындағы үйлермен қатар жаңадан салынған мектеп, өзге де нысандар жылу желісіне қосылды. Қазіргі күні бағдарлама бойынша салынған 5 үйдің бәріне жылу, жарық тартылды. Тек әлі пәтерлерге берілмеген. Өйткені оның коммуналдық ақысын төлейтін тұрғындармен келісімшарт жасалмаған.

«Нұрлы жер» бойынша пәтер алған тұрғындар кілттеріне неге қол жеткізе алмай жүр?

Осы 4-лоттың құрылысын жүргізген мердігер «Еңбек Ақмола» АМК болатын. Осы жылдың сәуір айында бұл кәсіпорында қайта құру жұмыстары жүргізіліп, міндеттері «Еңбек Аршалы» АМК-ға жүктелді. Осыған байланысты құжаттарды қайта рәсімдеу жұмыстары басталды. Жаңа кәсіпорынмен келісімшарт жасалып, қазынашылық органдарға тіркеуге жіберлді. Карантинге байланысты жұмыстар ұзаққа созылып кетті. Қыркүйекте қазынашылық органында тіркеуден өткізіп, мердігерге қаражат аударылды. Бүгінгі күні үйдің техникалық құжаты Әділет министрлігіне тіркеуге жіберілді. Ол процесс 55 жұмыс күнін құрайды. Екі аптада бұл мерзім аяқталады. Үйдің құжаты тіркелген соң, бірден Тұрғын үй басқармасына жіберіледі. Пәтер кілттерін үлестірумен солар айналысады, - деді ол.

Әкімдік өкілінің айтуынша, бағдарлама аясында салынған осы аудандағы өзге үйлердің барлық құжаты дайын, қазіргі күні олар банкпен келісімшарттарын рәсімдеп жатыр. Ал дәл осы 4-лоттың кілттерінің кешуілдеуіне жоғарыда айтылғандай мердігер компанияның қайта құрудан өтуі себеп болған. 

Ал қазан айында қала әкімі құжаттары рәсімделіп біткен көрші үйлердің кілттерін табыстаған көрінеді.

Екі аптада уәде етілген құжатты рәсімдеу жұмыстары аяқталмаса, пәтер иелері әкімдік пен мердігер ұйымды тағы да жауап беруге шақырмақ. 

Құжаттар рәсімделмегендіктен олар әлі пәтерлеріне де кіріп көрмеген. Алда қыс. Уәде етілген кілттер оған дейін берілмесе, жылу қосылмаған пәтерлердің қабырғалары көгеріп, ішін суық жайлап ала ма деген уайымдары да жоқ емес.

Өзгелердің жаңалығы