Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтанда балаларды химиялық күйік шалу оқиғалары көбейіп кетті
05 Сәуiр 2019, 10:47 685

Нұр-Сұлтанда балаларды химиялық күйік шалу оқиғалары көбейіп кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық №2 балалар ауруханасында балаларды тұрмыстық химиялық заттардан қорғау тақырыбына арналған брифинг-конференция өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәрігерлер ауыз қуысының, өңеш, асқазанның күюіне соқтыруы мүмкін тұрмыстық химия құралдарының қауіптілігі туралы айтты. 

Мұндай оқиғалар ата-ананың балалар үшін қолжетімді жерде түрлі түсті әтір, басқа да құралдардың құтыларын қалдырып кетуінен орын алып жатады.

«Біздің айтып отырғанымыз: осындай күйікпен ауруханаға түсетін балаларды емдейтін дәрігерлердің жан айқайы. Балалар өте ауыр хәлде түседі, көбі жаңсақтау бөлімінде жатып шығады. Одан кейін ол баланың денсаулығының нығаюы үшін күресу керек. Оған көптеген жылдар кетеді. Ал бала толық сауығып кете ме? Оны айту қиын. Ол химияның организмге қалай әсер еткеніне байланысты. Мысалы, химиялық күйік шалған 100 баланың 50 мүгедек болып қалады. Кей кезде оның зардабы қанша жыл емделсе де, қайтпайды, тіпті болмаған соң, өңешті ауыстыру керек болады. Одан кейінде жақсы болып кетеді деп айта алмаймыз», – дейді «Астана медицина университеті» КеАҚ-ның балалар хирургиясы кафедрасының медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Сүлейманова.

Ұйымдастырушылар брифингті өткізуге №2 балалар ауруханасына тұрмыстық химиядан зардап шегіп түсетін балалар санының артуы себеп болғандығын айтты.

Әсіресе, ауыз қуысы және өңештің химиялық күйігі жиілеп кеткен.

2018 жылы №2 балалар ауруханасына ауыз қуысы және өңештің химиялық күйігі диагнозымен 69 бала жатқызылды.

Ал 2017 жылы 71 бала, 2018 жылдың бірінші тоқсанында осындай диагнозбен 11 бала түссе, 2019 жылдың осы кезенінде 22 бала ауруханаға жатқызылған.





Фото: дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық