Бас жаңалықтар
Назарбаевтың шешімі өз еліне деген жоғары жауапкершілігін көрсетті
30 Наурыз 2019, 12:59 672

Назарбаевтың шешімі өз еліне деген жоғары жауапкершілігін көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытайға ресми сапары барысында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Ван Цишаньмен кездесті.

Сыртқы саяси ведомствоның басшысы сұxбаттасына Қазақстандағы маңызды саяси өзгерістер туралы, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттіктерін тоқтату және оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы хабардар етті. Қазақстан ҚХР-мен қарым-қатынастарды дамыту үшін жүргізіп келе жатқан сыртқы саяси бағытты сақтап қалатынын атап өтті.

В. Цишань Қазақстанның ішкі саяси оқиғаларын мұқият қадағалағанын атап өтті. 

«Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі өз еліне деген жоғары жауапкершілігі және терең сүйіспеншілігі байқалады, бұл оның әлемдік деңгейдегі саясаткер екендігін көрсетті», - деді ҚХР Төрағасының орынбасары.

Қытай тарапы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның мемлекеттік құрылысындағы тарихи рөлін жоғары бағалады, сондай-ақ қазіргі уақытта өрбіп келе жатқан және екі ел арасындағы тату көршілестік қатынастардың үлгісі болып табылатын Қазақстан-Қытай қатынастарын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Мұның барлығы Қазақстан мен ҚХР басшыларының жеке қарым-қатынасы арқасында мүмкін болды.

«Белдеу және жол» бастамасы аясында өзара тиімді ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстан 21 ғасырдың жаһандық жобасына айналған осы бастаманы қолдайтын тұңғыш ел болғанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Қытай екі елдің игілігіне қызмет ететін «Белдеу және жол» бастамасын ҚР-дің «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясатымен ұштастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Сізден жаңалық