Бас жаңалықтар
Наурызға арнап «тәтті» тарту жасады
18 Наурыз 2019, 16:57 1092

Наурызға арнап «тәтті» тарту жасады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы балаларға «Наурыз құтты болсын!» деген жазуы бар тәтті базарлықтар жасаудың үлгісін ұсынды.

Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабектің пайымынша, Ұлыстың ұлы күні тек киіз үй тігумен шектелмеуі керек, ұлттық мерекемізді өзгелер айта жүрерліктей мағыналы етіп тойлаудың маңызы зор.

«Ұлыстың ұлы күні дегенде қазіргі қала балаларының, жастардың, тіпті ересектердің көз алдына киіз үй ғана елестейтіні хақ. У-ду болған концерт, тізілген саудагер, ерсілі-қарсылы жөңкілген жұртшылық. Мерекеміздің бар сипаты осы. Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан Ұлыстың ұлы күні әрбір отбасының мерекесі болуы тиіс. Бұл мерекеде еш уақытта ешкім мәжбүрлеп тойламаған. Әр үй өзінше дайындық жасаған. Біз осы дәстүрді негізге алуымыз керек. Міндетті түрде әкім не болмаса басқармалар көшеге әкеліп киіз үй тігіп, қазанға ет асып беріп жұртқа таратып жатпауы тиіс. Әрбір әулет бұл күнді өзінің дәстүрлі ұлттық мерекесіне, отбасылық қуанышына айналдыруы керек. Соның бастамасы ретінде Наурызға сыйлықтың үлгісін көрсетейік деп осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан немерелеріңізге барғанда, бір-бірлеріңіздің үйлеріңізге кіргенде «Наурыз құтты болсын!» деген жазуы бар сыйлықтар алып барып, ұрпақ санасына сіңіре берсек. Біз бала кезімізде Айтты керемет күтуші едік. Ол күндері үлкендер бізге күміс, теңге, кәмпит үлестіретін. Үлкендер ғана хабарлап жатпай, балаларымыз да Наурыз келеді деп күтіп жүруі үшін балаларымызға, отбасымызға, бір-бірімізге сыйлық жасап үйренейік!», – дейді Құдайберлі Мырзабек.


Акция аясында бата беру, ән айту, күй тартудан сайыс өткізілді. Қызығушылық танытқандар ұлттық нақыштағы тәтті сыйлықтарды сатып алып жатты.

Наурыз келгенде солтүстік өңірде кей жылдары тіпті қардың да көбесі сөгілмей жатады. Кейде жапалақтап наурыздың қары жауады. Соған қарамастан көкшеліктердің көңіл-күйі көтеріңкі.

«Биыл Көкшетауда Наурыз мерекесін тойлау жылдағыдан ерте басталғаны қуантады. Ата-бабаларымыз әр отбасындағы адамдардың тал егуін қатты қадағалаған. Рас, Наурызда біздің жақта қар ери қоймайды. Әйтсе де, қыста да отырғызылатын ағаш түрлері бар. Жұртшылықты тал егуге жаппай жұмылдыру қажет. Бұл күні ең таза, әдемі аулалар мен көшелерге арнайы Наурыз жүлдесі белгіленсе. Мереке қарсаңында қалталы азаматтар қайырымдылық жасап, қарттарға, мүгедектер мен жетім балаларға, тұрмысы төмен отбасыларға көмек берсе деген ұсыныс бар. Оны жайдан жай бере салмай, Ұлыстың ұлы күнінің қадір қасиетін түсіндіріп, соған орай беріліп отырған көмек екендігін, қазақтың салтында осындай қайырымдылық ізгі іс бар екенін жас баланың да, үлкеннің де жетесіне жеткізе айту керек», – дейді қала тұрғыны Қайырбек Мусин.


Фото: автордан

Сізден жаңалық