Мұнай бағасының жоғары болмайтыны болжануда - Экономика министрі

19 Маусым 2019, 13:10
2373
Бөлісу:
Мұнай бағасының жоғары болмайтыны болжануда - Экономика министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. АҚШ, Қытай және Ресей сияқты ірі ойыншылар арасындағы сауда соғысы жалпы әлемдік сауда ахуалына кері әсер етеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-мәжілісі барысында айтты.

Жиын барысында министрге «теңге курсы мен мұнай бағасы алдағы уақытта қалай өзгеруі мүмкін» деген сұрақтар қойылды.

«Теңгенің курсына қатысты болжамға келсем ол түрлі факторларға, оның ішінде негізінен мұнай бағасына байланысты. Мұнайдың бағасы алдағы уақытта қалай өзгеретіні туралы қазіргі күні ешкім нақты болжам айта алмайды. Сонымен қатар, теңге курсына көрші елдердің сауда-саттығы да әсер етеді, сондықтан курс барысы қалай өзгеретінін қазір дөп басып айту қиын», - деді министр. 

Сонымен қатар, ол мұнай бағасына қатысты сарапшылар қандай ой білдіріп жатқанына тоқталып өтті.

«Мұнайдың бағасына қатысты сарапшылар түрлі пайымда. Біреуі бір барелль мұнай бағасы 40 доллар болады десе, енді бірі 70 болады дейді. Әрине, АҚШ, Қытай және Ресей сияқты ірі ойыншылар арасындағы сауда соғысы жалпы әлемдік сауданың ахуалына кері әсер етеді. Кейбір сарапшылар бұл әлемдік ЖІӨ-ні төмендетіп жібереді деп мәлімдеуде. Оның ішінде шикі зат пен мұнайға деген сұраныстың төмендеп кетуі де ғажап емес. Көпшілік мұнай бағасының өткен жылдардағыдай жоғары болмайтынын болжап отыр. Дегенмен, мұнай бағасының күрт төмендеп кететіні туралы белгіні көріп отырған жоқпыз», - деді Руслан Даленов. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі Руслан Даленовтың халық алдында есеп беріп жатқанын хабарлаған едік.

Өзгелердің жаңалығы