Бас жаңалықтар
Мұқтаждарға көмектесуге ниеттілер тікелей өздерімен байланыс орнатқысы келеді
12 Ақпан 2021, 18:03 193

Мұқтаждарға көмектесуге ниеттілер тікелей өздерімен байланыс орнатқысы келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Менің Атамекенім» Қоғамдық Бірлестігінің тең құрылтайшысы, кәсіпкерлік білімді дамыту саласының эксперті Ермек Дүйсенханов қайырымдылық ұйымдарының реестрін құру жөнінде пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазір елімізде біреуге көмек көрсеткісі келетін жандардың саны өте көп. Бірақ олар көбінесе, қайырымдылық қоры арқылы емес, көмекке мұқтаж жандарға тікелей көмек көрсеткенді қалайды.

Қайырымдылық ұйымдардың осындай тізілімін құру идеясы елімізде 5 бүлдіршін қайтыс болған қайғылы оқиғадан кейін келді. Бұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалаймыз деп шештік. Ең алдымен сайт аштық. Көмекке мұқтаж жандардың саны көп болғаны соншалық, сайттың күші жетпейтін кездер болды. Сондықтан да қосымша байланыс орталығын ұйымдастырдық. Істеген жұмыстарымызды теледидарға да, өзіміздің YouTube каналымызға  да шығарып отырамыз. Олар жарты миллион көрсетілімге дейін жетіп отыр. Қазіргі уақытта бізге көмекке мұқтаж 20 мың адам, сонымен қатар онлайн білім алу үшін компьютер, ноутбуктары жоқ 60 000 оқушы өтініш қалдырды, - деді ол.

Оның айтуынша, олар арқылы көмекке мұқтаж жандарға 3 пәтер және 1 үй берілді. 

Жалпы біздің ұйым мемлекеттен ешқандай көмек алмайды. Бұның барлығы әртүрлі компаниялармен серіктестік негізінде жасалынады. Қазіргі уақытта біз өтініш берген адамның, шыныменде, көмекке мұқтаж екенін білу үшін, сол жанның рұқсатымен деректер жинай аламыз. Бұны біз мемлекеттің көмегімен істей алдық, - деді маман.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова елде қайырымдылық ұйымдарының тізілімін құру және оны барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерге біріктіру қажеттігі жөнінде ұсыныстар түскенін айтқан болатын.


Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...