Мұғалім ауырмайтындай темір емес қой – ұстаздардың жан айқайы

2 Желтоқсан 2021, 12:00
11098
Бөлісу:
Мұғалім ауырмайтындай темір емес қой – ұстаздардың жан айқайы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Мұғалім ауырмайтындай темір емес қой, ол да ет пен сүйектен жаратылған». Бұл - ұстаздардың әлеуметтік желідегі жан айқайы. Facebook-те белсенді мұғалімдер ауырған күндеріне төленетін ақы өте аз екенін айтып, айлық толық төленуін талап етіп жатыр. 

«Мәртебе» деп жүріп, былай қарасаң қарапайым, ал жанына батса ең маңызды болатын еңбекке жарамсыздық парағы деп аталатын ауырған күндеріне төленетін ақы қысқартылып тасталыпты. Қазір мұғалім бір жеті ауырса болды, жалақының жартысы жоқ болады екен, міне саған мәртебе. Жә, еңбекке жарамсыздыққа берілетін ақы қысқартылғанын білетінмін, бірақ осыншама қысқартылғанын естігенімде ашық күнде найзағай соққандай сезімде болдым. Мұғалімдердің осыншама құнының түсіп кеткені ме сонда. «Мүйіз сұраймын деп басынан айырылғанының» кебі болып тұр ғой. «Мәртебе» деп жүргенде барлық салада төленетін «еңбекке жарамсыздық парағы» мұғалімге келгенде қысқартылып қалыпты. Мұғалім ауырмайтындай темір емес қой, ол да ет пен сүйектен жаратылған. Бәрін қойшы «мәртебе» қайда қалды егер қарапайым дүниенің өзін мұғалімге қимаса...», - деп жазады «Қазақстан ұстаздары» парақшасында Медет Наурызбаев. 

Жазбаға пікір қалдырған 150-ге жуық адам бұл мәселені растап, әрқайсысы өз жағдайын айтқан. 

Шынымен де жалақымнан 8500 тг медстраховка ұстайды. Қарашада остеохондроз болып ауырып, больничный алғам 90 мың ұстап қалды да, төлегені 43 мың төленді, - дейді Жазира Бердибекова.
Өте дұрыс айтасыз, 4 күн ауырған мұғалімнен де, 7 күн ауырған мұғалімнен де 60 000 мың ұстап қалған, не деген сұмдық? Бұған бір шара қолдану керек. Онымен қоймай страховка тағы ұстайды, еңбек демалысында тағы ұстайды, мұғалім сонда адам емес пе, - деп жазады Жазира Мустанова. 

Білім кәсіподағы Facebook-тегі парақшасында еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыны есептеуге байланысты ақпарат жариялады. 

Бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақының мөлшерлерін айқындау туралы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1103 Қаулысына сәйкес тиісті жылғы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауы тиіс.

Жоғарыда айтылғанның негізінде 15.10.2021 ж. - 05.11.2021 ж. аралығындағы кезеңді 15.10.-31.10.2021 ж. есеп айырысу кезеңіне бөлу қажет. Қазан айындағы жәрдемақының ең жоғарғы шегі 15 АЕК-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ, жұмыскерде 2021 ж. қараша айында екі түрлі еңбекке уақытша жарамсыздық парағы болғанына қарамастан, жәрдемақы 01.11. - 10.11.2021ж. кезеңінде 15 АЕК-тен аспауы керек. Осылайша, жұмыскерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы әрбір еңбекке жарамсыздық парағы үшін төленуі қажет, бірақ айына 15 АЕК-тен аспауы тиіс.

Ұстаздар қауымының айтуынша, 1 ай ауырған адамға төленетін 15 АЕК, 43 755 теңге өте аз. Алматылық мұғалім Сұлтан Сүлеевтің айтуынша, ол қаражат күнделікті тамағынан бөлек, ем-домына да жетпейді.  

Мұғалімге 10 күн ауырса да, 1 ай ауырса да 15 АЕК төленеді. Бұл дұрыс емес. Адам қанша күн ауырса да өз айлығы солай сақталуы тиіс деп ойлаймын. Қазір ауырсақ та сабақ беруге мәжбүрміз. Өйткені еңбекке уақытша жарамсыздық үшін төленетін ақша ештеңеге жетпейді. Сондықтан шала-шарпы емделіп, қатардан қалмай сабақ беріп жүрген әріптестер кездеседі. Бұл мемлекетке де, ұстазға да жақсылық алып келмейді. Шала емделген ұстаз өз жұмысында балаларға, әріптестеріне ауру таратуы мүмкін, - дейді тарих пәнінің мұғалімі.

Білім кәсіподағы парақшаларында бұл мәселені шешу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жазды. 

Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің мардымсыз төмен екенін ескере отырып, Салалық кәсіподақ ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп осы жәрдемақыны есептеу әдістемесін өзгерту және мөлшерін ұлғайту бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен жөн, - делінген жазбада.



Өзгелердің жаңалығы