МСҚ «Жәрдем» медициналық пойызына 120 млн-нан астам теңге бөлді

23 Тамыз 2019, 17:05
2008
Бөлісу:
МСҚ «Жәрдем» медициналық пойызына 120 млн-нан астам теңге бөлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Пойыз 24 желтоқсанға дейін Қазақстанның оңтүстік-батысын аралайтын болады.

Бұл - Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағын қамтуға бағытталған қосымша медициналық пойыз. Пойыз жұмысына ҚР ДСМ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 127,6 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.

Осы жылдың 29 сәуірінде жолға шыққан «Денсаулық» медициналық эшалоны да 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін өз жұмысын жалғастыра береді. Бүгінге дейін жеті облысты аралап үлгерген пойыз қызметінен 15 мыңдай жергілікті тұрғын қажетті кеңес алып, ем-дом қабылдаған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2010 жылдан бері елдің түкпір-түкпіріндегі елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсететін ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Тұрғылықты жердің шалғай орналасуына байланысты осы азаматтар, көп жағдайда, кәсіби медициналық көмек ала алмайды.

Бүгінде диагностикалық және емдік құралдармен жабдықталған және түрлі саладағы дәрігерлер тобы жасақталған арнайы теміржол құрамдары елді аралауда. Пойыздың жұмыс режимі дәрігерлердің тұрғындарды күнұзақ қабылдауына қарай құрылған. Диагностика және емдеу шаралары тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, елді мекен тұрғындарына 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі, оның негізгі қызметі туралы ақпарат берілуде.

Медициналық пойыздар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ортақ жобасы.

Өзгелердің жаңалығы