Министр: Мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,6%-ға артты

14 Қыркүйек 2021, 20:46
16727
Бөлісу:
Министр: Мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,6%-ға артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында 2021 жылдың қаңтар – тамыз айларындағы агроөнеркәсіп кешенінің даму динамикасы туралы хабарлады.

Ведомство басшысының айтуынша, көрсетілген мерзімде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 887,9 млрд теңгені құрады.

Мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,6%-ға артып, 1 945,5 млрд теңгені құрады. Барлық түрдегі мал мен құс санының өсуі байқалады, - деді Ербол Қарашөкеев.

Ірі қара мал басы 4,8%-ға артып, 8,8 млн басты құраса, қой мен ешкі 2,6%-ға (23,5 млн бас), жылқы 9,6%-ға (3,5 млн бас), құс 4,4%-ға (48,8 млн бас) артқан. Тірі салмақта ет өндіру 6%-ға (1 242,7 мың тонна), сүт өндіру көлемі 3,3%-ға (4 406,9 мың тонна) өскені байқалады.

Өсімдік шаруашылығы өнімі 919,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,3%-ға төмен. Төмендеу қалыптасқан топырақ пен атмосфера құрғақшылығына байланысты болып отыр. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың орташа өнімділігі 7,9 ц/га құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

2021 жылы егістер құрылымындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың үлесі шамамен 70%-ды құрайды.

Азық-түлік өнімдерінің өндірісі көрсетілген кезеңде 4,8%-ға өсіп, 1 421,2 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 43,2% - ға артып, 427 млрд теңгені құрады.

Өзгелердің жаңалығы