Бас жаңалықтар
Министр: Әлеуметтік қорғаудағы, денсаулық сақтаудағы, білім берудегі ұлттық стандарт әртүрлі
24 Қараша 2020, 18:37 165

Министр: Әлеуметтік қорғаудағы, денсаулық сақтаудағы, білім берудегі ұлттық стандарт әртүрлі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы» атты Қазақстанның IX Азаматтық форумы аясында бейінді ҮЕҰ-мен онлайн-кездесу өткізді, оның барысында Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу бойынша тәсілдер талқыланды.

Іс-шараға Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, ҚР Еңбекмині Әлеуметтік-еңбек саласы қоғамдық кеңесінің мүшелері, қоғам және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Өз сөзінің басында министр бүгінгі таңда мемлекет азаматтарға зейнетақы және жәрдемақы түріндегі төлемдердің 39 түріне кепілдік беретінін хабарлады.

ҚР Еңбекминінің басшысы Қазақстанда тұратын 705,5 мың мүгедектігі бар адамды (бұдан әрі – МБА) қолдауға ерекше назар аударды.

Біржан Нұрымбетов Министрлік ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді шаралар қабылдап жатқанын, оның ішінде қолжетімді инфрақұрылым құру бойынша жағдайлар жасалып жатқанын, бизнес-жобаларға қолдау көрсетілетінін, МБА әлеуметтендіру және инклюзияны қамтамасыз ету үшін инновациялық және цифрлық технологиялар енгізіліп жатқанын, МБА үшін жұмыс орындарының стандарттары жеңілдетілу барысында екенін атап өтті.

Сондай-ақ, министр кездесуге қатысушыларды Әлеуметтік қызметтер порталын одан әрі дамыту туралы хабардар етті.

Қазіргі уақытта порталда жеке іріктеуді талап етпейтін техникалық оңалту құралдарының (бұдан әрі - ОТҚ) 55 түрінің 24-іне, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеуге, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтеріне тапсырыс беру мүмкіндігі ұсынылады. Келесі жылы біз кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы, ОТҚ мен қызметтердің барлық түрлерін порталға көшіруді жоспарлап отырмыз, – деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, Еңбекминінің басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы шеңберінде енгізілетін түзетулер және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша мемлекет қабылдайтын шаралар туралы айтып берді.

Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысының биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастыру қажеттігі атап өтілгенін еске салды.

Қазіргі уақытта қазақстандықтарға әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылады, олар 17 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттеледі. Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнама қабылдауды оңайлату және сапалы жақсарту мақсатында ол бірыңғай Кодекске жинақталатын болады.

ҚР Еңбекмині басшысының айтуынша, Кодексті әзірлеу аясында әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыру жоспарлануда.

Әлеуметтік қызмет жүйесі фрагментті, секторалды және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде әзірленген ұлттық стандарттар әрқилы болып келеді. Сонымен қатар, ұлттық заңнамада әлеуметтік жұмыс ұғымын тарылтатын арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну қарастырылған. Әлеуметтік қызметкердің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, әлеуметтік қызметкердің міндеттері мен жауапкершілігін кеңейту және заңнамалық бекіту, әлеуметтік қызметкердің этикасына қойылатын талаптарды белгілеу арқылы әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыру ұсынылады, оларды бұзған кезде тәртіптік жауапкершілік көзделуге тиіс. Сондай-ақ, біз жоғары оқу орындарында әлеуметтік қызметкерлерді практикалық білімге баса назар аудара отырып даярлауды күшейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр сондай-ақ Кодексті әзірлеу аясында Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды медициналық-әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін қайта қарау жоспарға алынғанын хабарлады.

Осыған байланысты Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтардың сәулелену дозасын анықтау ұсынылады. Сондай-ақ, азаматтардың архивтік құжаттарын, оның ішінде 1930 жылдан бастап әр адамның тұрғылықты жері бойынша толық цифрландыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызмет көрсету кезінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу жоспарлануда.

Бүгінгі күні бюджеттеу медициналық-әлеуметтік мекемелерді ұстауға арналған шығындар құрылымына қарай айқындалады және «алдыңғы кезең» қағидаты бойынша қалыптастырылады. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру моделі сервистік болып келеді және нақты қажеттілік бойынша түпкілікті нәтижеге бағдарланған. Бұл модель «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді, сол сияқты азамат бүгінгі күні балабақшаны, мектепті, ЖОО-ны немесе емхананы таңдай алады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы халыққа қызмет көрсету үшін жеке секторды тартуға мүмкіндік береді, бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Ол үшін зерттеулер мен есептеулер, әдістемені пилоттық апробациялау және 2025 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізу жүзеге асырылады, – деп хабарлады Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, Кодексті әзірлеу аясында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту нұсқасы қарастырылуда.

Осыған байланысты мыналар қарастырылады:

- әлеуметтік қызметтер жүйесіне қатысушылар желісін кеңейту және әлеуметтік қызметтер субъектілеріндегі қажеттіліктерді есептеу тетігін қабылдау;

- көрсетілетін қызметтер нарығында үкіметтік емес сектордың дамуы үшін жағдайларды кеңейту;

- баламалы қызметтерді дамыту;

- «аз» жиынтықты үйлерді (орталықтарды) дамыту;

- отбасылық қолайсыздық профилактикасын және арнайы және кешенді қызметтерді, жалпы бейіндегі қызметтерді таңдауға сараланған тәсілді енгізу;

- халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру орталығын құра отырып, кадрлар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін енгізу;

- әлеуметтік қызметтер орталықтарының қызметін автоматтандыру бөлігінде «Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесін жаңғырту.

Аталған шаралар жүйенің бенефициарларын институционализациялауды және отбасы мен қоғамда өмір сүру құқығын сақтауды қамтамасыз ететін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесіндегі өзгерістерді одан әрі тереңдетуге алып келеді деп болжануда, – деп түсіндірді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, отбасының цифрлық картасын жасау мүмкіндігі қарастырылуда.

Бүгінгі күні азаматтар туралы ақпарат әртүрлі дерекқорларда сақталады, бұл деректерді шоғырландырудың болмауына, қайталануына және бұрмалануына алып келеді. Сонымен қатар, барлық жағдайда нақты уақыт режимінде халықтың өмірлік жағдайын бағалау және тез арада қолдау көрсету мүмкін емес, өйткені қолдау көрсету кезінде жалпы отбасылық мәселелер ескерілмейді. Отбасының цифрлық картасын жасау мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерін интеграциялау және деректерді бірыңғай базаға (отбасы, кірістер, денсаулық, білім, жұмыспен қамту, мүлік, кредиттік тарих және т.б.) шоғырландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған шаралар азаматтардың өмірлік жағдайына онлайн түрде  мониторинг жүргізуге және қолдауды қажет ететін азаматтарды дербес анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы азаматтарға проактивті кешенді қолдау көрсету мүмкіндігі пайда болады, – деп атап өтті министр.

Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің тұжырымдамасын 2021 жылдың 2-тоқсанында әзірлеу жоспарлануда, одан кейін соның негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу басталады.

ҚР Еңбекмині қазақстандықтардан Кодекс тұжырымдамасына ұсыныстар жинауға кірісті.

Ел азаматтары өз ұсыныстарын келесі арналар арқылы жібере алады:

- Facebook тобы: https://www.facebook.com/groups/expert2020

- WhatsApp: +7 708 180 35 38 https://wa.me/message/RIAPN2DTW25UP1

https://t.me/expertsocial telegram каналы;

expert2020@mail.kz электрондық поштасы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...