Бас жаңалықтар
Алматыда ірі көлемде пара алды деген судья кімдердің арандатуға тырысқанын айтты
10 Мамыр 2021, 16:21 499

Алматыда ірі көлемде пара алды деген судья кімдердің арандатуға тырысқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сәуір айының соңында әлеуметтік желілерде Алматы қалалық Медеу ауданының сотының судьясы Светлана Жолманова ірі көлемде парамен ұсталды деген ақпарат тараған болатын.

Кабинетінде 4500$. Үйін тінту барысында 2 800 000$. Ал жеке көлігінде 600 000$. Застройщиктен - 1 180 000$ пара алған. Бір жәй ғана судьяның өзі осындай парамен ұсталып отырса, төрағалар жұтып жатқан шығар ия? Осыдан кейін судьялар әділ шешім шығарады деп Жақып Асанов айтпай-ақ қойса болады!, - деп жазған шымкенттік белсенді блогер Айгүл Орынбек.

Бірақ көп уақыт өтпей, Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарып, судьяның кеңсесінен 10 000 доллар тәркіленді деп хабарлады.

Әлеуметтік желілерде Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованы тінту кезінде төмендегідей ақша табылды деген ақпарат тарады: (кабинетінен 4 500 доллар, үйін тінту барысында 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар, застройщиктен - 1 180 000 доллар пара алған) деген. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Судьяның кеңсесінен 10 000 доллар тәркіленді, үйінен ештеңе тәркіленбегенін хабарлаймыз, - деп атап өтті Алматы қалалық соты.

Светлана Жолманова әлеуметтік желіде жағдайды түсіндіріп, өзінің бостандықта екенін айтты.

28 сәуірде Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі БАҚ өкілдеріне менің жұмыс бөлмемнен ірі көлемдегі қаржы табылғанын хабарлап, ақпарат таратты. Бірақ бұл шындыққа сай емес. Мені ешкім тұтқындаған жоқ. Пара алу фактісі де болған жоқ. Ешқандай қылмыстық іс қозғалмады. Күдікті де емеспін... Кеңседе табылған ақшаның іс материалдарымен ешқандай байланысы жоқ, - дейді ол.

Судья бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай ақпараттың таралуына Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайыловтың қатысы бар деп жазған. Яғни өзін арандату үшін осындай қадамға барды деп санайды.

Ал кеңседен табылған 10 мың доллардың іс материалдарымен ешқандай байланысы жоқ деп отыр.

Сол күні мен ақшаны жұмысқа әкеліп, сейфке салдым. Інім екеуміз қарт анам маған жақын тұруы үшін «Отбасы» банкіне пәтер алу үшін алғашқы жарнамызды салуды жоспарладық. Басқа ақша болған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралған миллиондаған доллар туралы ақпараттың бәрі жалған. Көлікте де, пәтерде де ақша болған жоқ. Менің, тіпті, көлігім де жоқ, - дейді судья.

Айта кетейік, Светлана Жолманованың Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жұбайымен құрбы екені де әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен болатын.

Бауыржан Қыдырғалиұлының (Байбек – тілші) жұбайы Жанар Байбекпен бірге оқығанбыз. Екеуіміз 2001 жылы КАЗГЮУ-ды бітірдік. Жақсы құрбымыз. Мен топтың старостасы болдым. Араласып тұрамыз, бір-бірімізді қолдаймыз. Бірақ олардан ештеңе сұраған емеспін, - дейді ол Ratel-ге берген сұхбатында.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...