Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы

4 Маусым 2019, 14:52
5060
Бөлісу:
Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты – жас ұрпақты тәрбиелеу барысында мемлекеттік рәміздерді зерделеу және насихаттау, олардың бойында патриоттық сананы қалыптастыру. 

Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың елдігімізді айшықтайтын символдарға деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. 

Еліміздің тұңғыш рәміздері Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұранның мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді.
Жиында модератор Ғани Рысбеков рәміздердің жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқанын, сондай-ақ мемлекеттік ту эскиздеріне түскен өтінімдер саны 1200-ге жеткенін айтты. Ал Әнұранның таңдалуына 750 нұсқаның ұсынылғанын атап өтті. 

Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы

Айта кетейік, жиынға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, облыстық этномәдени бірлестік жетекшілері мен мүшелері, облыстық Аналар кеңесі мүшелері, «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері, академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің оқытушы құрамы мен жастар қатысты. 

«Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің иесі екендіктерін қаншалықты деңгейде сезінуінің, елдің болашағына, ертеңіне сенуінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі стерімізді қолдай берсін. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын», - деді жиында сөз алған Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті «Экономика және құқық» кафедрасының аға оқытушысы Сапаркүл Абутаева. 

Жиынға қатысушылар Елтаңбамыздағы шаңырақтың, қанатты тұлпар бейнесінің, Туымыздағы қыран мен күннің, Әнұранның шығу тарихын тереңінен талқылады. Жас буынның атынан сөз сөйлеген облыстық корей этносының жастар өкілі Сабина Пак мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жастарды саналы, жауапкершілігі мол азамат болуға септігін тигізеді дейді. 

«Жастар мемлекеттік рәміздерді тану, білу арқылы Отанымыздың тарихына үңіледі. Себебі, Қазақстан ортақ үйіміз. Біз бір Ту, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Қазақ тілін жатқа білемін. Еліміздің жастарының оның ішінде түрлі этнос өкілдерін бақытты болашақ күтіп тұр. Біз Ассамблеяда өтіп жатқан түрлі іс-шаралардан тыс қалмаймыз. Сіздерден алған өнегеміз болашағымзға жол көрсетіп тұратын шамшырақ болмақ. Бүгінгі мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын, елімізде тыныштық орнап, қазақ елінің абыройы арта берсін», - деді Сабина Андрейқызы. 

Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы

Дөңгелек үстел басында елдік белгілеріміздің шетелдік мамандар тарапынан жоғары баға алғаны айтылды. Мысалы, Бонн қаласындағы Дүниежүзілік вексикология ғылыми-зерттеу институтының директоры Климеш мемлекеттік тудың ғажеп екендігін айтып хат жазған. Мұндай жақсы лебіз АҚШ, Чехословакия, Германия, Ресей және басқа да айтулы ту танушылардың жазған хаттарында баяндалған. 

«Жалпы біз үшін рәміздер мақтаныш күні, мереке күні. Қандай да бір мемлекет болмасын өзінің Елтаңбасы, рәміздері болады. Сол сияқты біз де егемендік алғаннан кейін рәміздеріміздің бәрін белгілеп, жыл сайын атап өтіп жатырмыз. Бүгін Ассамблея ғимаратында түрлі этнос өкілдерімен осы мерекенің маңызы туралы талқылау өткізу үстіндеміз, көптеген жақсы пікірлер айтылды. Өйткені қазақ елінің шаңырағында 130-дан астам ұлт бірігіп, бір үйдің баласындай өмір сүріп, елімізді дамытып жатыр. Туымыз әрқашан биікте желбіресін. 30 елдің қатарына ене берейік, әрбір шаңыраққа бақыт тілеймін», - деді Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғ.Рысбеков. 

Жиын соңында қатысушылар облыстық А.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы дайындаған кітаптар көрмесін тамашалап, мерекелік кешке арнайы келген «Жұлдызға жол» байқауының лауреаты, 5 сынып оқушысы Барақ Нұржанның «Көк тудың желбірегені» атты әнін тыңдады. 


Өзгелердің жаңалығы