Қарағандыда үздік мемлекеттік қызметкерлер анықталды

30 Мамыр 2019, 16:20
2213
Бөлісу:
Қарағандыда үздік мемлекеттік қызметкерлер анықталды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда «Үздік мемлекеттік қызметші» аймақтық байқауының алғашқы кезеңі өтті.

Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, үздік мемлекеттік қызметкерлерді көтермелеу мақсатында өткізілетін байқауға қатысушылар облыстық кезеңде комиссияның алдында өздерінің дербес жобаларын қорғады.

Биыл елімізде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байқаудың облыстық кезеңіне 16 мемлекеттік қызметші өтініш білдірген.

«Өтініш берген 16 адамyың үшеуі байқаудың «мемлекеттік қызмет өтілі бір жылдан кем емес» және «тәртіптік және әкімшілік жазалардың болмауы» деген шарттарына сәкес келмегендіктер келесі турға өткізілмеді. Қалған 13 қатысушы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды меңгеруге байланысты тест тапсырып, бұл сыннан 7 адам сүрінбей өтті. Осылайша сайыстың аймақтық кезеңінің қорытынды турына 7 мемлекеттік қызметші өтіп, олар өздерінің жеке жобасын аймақтық комиссияға ұсынды», - деді Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел Біләлова.

Сайысқа қатысушылар ұсынған жобалар комиссия мүшелерінің көңілінен шықты.

«Біріншіден, бізге ұсынған жобалардың барлығы еліміздің барлық аймағында өзекті. Екіншіден, оның тиімділігі, тәжірибелік маңызы жоғары. Мысалы, мемлкеттік қызметші мектепке дейінгі мекемелерде шағын пункт ашуды ұсынды. Шыныменде мұндай пункттер өте қажет. Жобаның авторы «шағын пункттің маңыздылығы қандай?», «не себепті ол бұлай аталады?», «оны жүзеге асыру тетіктері қандай?» деген сұрақтарға да жауап беруге тырысқан. Міне, осылайша жоба авторы тек жоспар ғана емес, өміршең жоба ұсынған», - дейді аймақтық комиссияның мүшесі Қадиша Оспанова.

Облыстық мемлекеттік қызметшілер байқауының қатысушылары ұсынған жобалардың бірі – «Ауылшаруашылығын субсидиялау қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру» деп аталады. Жобаны ұсынушы Ерлан Төлеповтің пікірінше, бұл ауылшаруашылығы саласындағы өте өзекті тақырыптардың бірі.

«Мемлекеттік қызметте 19 жыл еңбек етемін. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Мемлекеттік қызметтің имиджін арттыруға бағытталған байқау барлығымыз үшін үлкен сын, әрі біліктілігіміз бен білімімізді тексеруге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Байқауға ауылшаруашылықтағы субсидиялау қаржысының тиімділігін арттыру жобасын ұсындым. Менің ойымша, көптеген ауылшаруашылық өндірушілері мемлекеттен алатын қаржыны тиісінше қолданбайды. Бұл мәселе өте маңызды және бұл сұрақтармен жұмыс барысында көп кездесемін. Шыныменде жыл сайын бұл салада көптеген заң бұзушылықтар анықталады. Сонымен қатар, депутаттар, құқық қорғау және басқа да тексеру органдары мен қоғам тарапынан үлкен сын айтылады. Сын көбінесе субсидияны тағайындау мен төлеу тетіктеріне байланысты», - дейді Қазынашылық департаментінің жетекшісі Ерлан Төлепов.

Байқауға мемлекеттік қызметке өмірінің көптеген жылдарын арнаған қызметкерлермен қатар, еңбек өтілі бірнеше жылды ғана құрайтын мемлекеттік қызметкерлерде қатысуда. «Ауылды дамыту» деп аталатын жобаны ұсынған Қарқаралы ауданы, Текшілдік ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маманы Нұржан Көшкінбай мемлекеттік қызметте небәрі 3 жыл еңбек етеді.

«Мемлекеттік қызметте үш жылға жуық жұмыс істеймін. Кәсіби деңгейімді көтеріп, әрі тәжірибе мен қосымша білім жину мақсатында байқауға қатысу жайлы шешім қабылдадым. Байқаудың тестілеу кезеңінде «Қазақстан 2050», «Қазақстан 2025», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды қамтитын сұрақтар келді», - дейді қатысушы.

Бірінші кезеңнің қорытындысында үздік деп танылған мемлекеттік қызметшілер Нұр-Cұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады. Жеңімпаз «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталып, мансабының өсуіне мүмкіндік алады.

Өзгелердің жаңалығы