Репрессия 58 баптың енгізілуімен басталған – Тынысбек Қоңыратбай

30 Мамыр 2019, 16:07
6328
Бөлісу:
Репрессия 58 баптың енгізілуімен басталған – Тынысбек Қоңыратбай
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Отбасымызда үш адам қатарынан репрессияға ұшырады. Репрессия 1937 жылдармен тоқтап қалмаған, ол 1950 жылдарға дейін жалғасқан. Бұл туралы ғалым, этнограф, филология ғылымдарының докторы Тынысбек Қоңыратбай «Алаш арыстары және ашаршылық» атты конференцияда айтты.

Түрколог, профессор Әуелбек Қоңыратпаевтың ұлы Тынысбектің айтуынша, 1937 жылы басталған репрессия бертінге дейін жалғасқан. Кейін Горбачевтың қаулысы шығып, жаппай ақталу үрдісі болған. Конференция барысында ғалым Тынысбек Қоңыратбай 1937 жылғы репрессияның басталу себептеріне тоқталып, өз ойын білдірді.

«Репрессия неден басталды дегенге келсек, КСРО-ның қылмыстық істеріне 58 бапты енгізумен басталған екен, ол алғаш рет 1927 жылы енгізілген. 1934 жылы 58 баптың 1-ші тармағына біраз өзгерістер енген. Сөйтіп 1937 жылдың қарсаңында 58 бап 14 тармақпен берілген. Оның ішінде «Отанды сату» және тағы басқа бірнеше тармақтары бар. Осы бап сол кезде жұмыс істеген, елдің бетке ұстар қаймақтарының барлығын репрессияға ұшыратқан. 1934 жылы 1 желтоқсанда Ленинград обкомының бірінші хатшысы Кировтың өлімі болады. Меніңше, содан кейін басталған секілді. Содан кейін-ақ Мәскеуде маркс-лениншілер одағы, Ленинград контро соғысы сияқты көптеген істер көтерілген. Олармен Зиновьев, Троцкий тағы басқаларды қудалаған», - дейді ол. 
Осы қудалауға ғалымның әкесі Әуелбек Қоңыратбаев та іліккен. 

Репрессия 58 баптың енгізілуімен басталған – Тынысбек Қоңыратбай

«Әкем 1932 жылы Мирзоянның жолдамасымен Мәскеудегі КИЗ-ге барып оқуға түскен. Сонда оқып жүргенде студенттер Қызыл алаңда шепте тұратын көрінеді. Сол жерде тұрғанда бірге оқитын Тоқтамысов, Шойынбеков деген жігіттер Сталиннің портретін мысқылдаса керек. Соны тыңшылар көріп қойып, артынша қамаған. Әкемізге «сіз ана жігіттермен бір бөлмеде тұрасыз, солардың қылықтарын көріп жүріп жеткізбедіңіз» деген айып таққан. Кейін олардың ісін қаралып, партиядан, кейін оқудан шығарып жіберген», - дейді ол.

Әуелбек Қоңыратпаев Алматыға келген уақытта 1937 жылдың ызғары бұл жақты да шарпыған екен. Ол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Вышинскийдің ұстанған саясаты әрбір адамға тағылған қылмысты мойындату болған көрінеді. 

«Кім кінәсін мойындаса соны айғақ деп санады. Осы процес бізде де бастылып кеткен. Әкем Алматыға келгенде оның інісі Әлібек Қоңыратбаев қудаланып жатқан екен. Ол кісі 1935 жылы Міржақов Дулатовтың қызына үйленген, қудалау содан басталған. 1937 жылдың 17 наурыз күні Алматыда ең алғашқы қамаулар жүрген. Бірінші лекпен Ғазиз Смағұлов, Абат Әлібаев, Рахымғали Ахметов, Әлібек Қоңыратбаевтар ұсталған. Содан көп ұзамай-ақ достары, жақындары бәрі тергеле бастаған. 1937 жылы «Лениншіл жас қазақ» газетінің бетінде «Әбділдә Тәжібев және оның достары» деген ауқымды мақала шыққан. Соның ішінде Қалмақан Әбдікәдіров өзінің жерлесі Әлібек Қоңыратбаевты қаралап, «осындай неміс, жапонның тыңшысы арамызға қалай кіріп кеткен» деп жазады. Бір ауылда туып-өскен адамдар бірін-бірі айыптаған. 1938 жылдың басында ату тоқтаған. Соңғы кезде баспасөз бетінде көп жарияланған Мирзоянның Сталинге жазған хатын оқыған боларсыздар. Репрессияның негізгі мақсатын сол хаттың өзі ашып тұр», - дейді Тынысбек Қоңыратбай. 

Репрессия 58 баптың енгізілуімен басталған – Тынысбек Қоңыратбай

Ғалымның айтуынша, отбасыларынан репрессияға ұшыраған тағы бір кісі ол Қалжан Қоңыратбайұлы болған.

«Біздің Мемлекеттік архивтің берген дерегі бойынша ол кісі 1925 жылы астана Қызылордаға көшіп барғанда ҚазЦИК-тің мүшесі болған. Оған дейін Түркісибтің мүшесі, ағартушы адам болған. «Қазақ», «Айқап», «Бірлік» газеттерінде мақалалары жарияланып тұрған. Ол кісі жайында Міржақып Дулатовтың, Мұстафа Шоқайдың айтқан сөздері бар. Аштық жылдары ол Алматыға келіп тұрған, кейін 1937 жылдары ұсталып, 10 жылға итжеккенге айдалған. Хабаровск өлкесінде Советская-Гаван деген қаланың маңайында концлагерде мерт болған. Оны мен 1989 жылдары барып анықтадым», - дейді ғалым.

Сонымен қатар, ол 1937 жылдардан соң репрессия саябырсығанмен 1940 жылдары қайта келгенін айтады. 

«Ол кезде Жұмабай Шаяхметовтың қаулылары іске асырылды. Оның ішінде «Қазақ КСР ғылым академиясының тіл әдебиеті институты жұмысындағы саяси өрескел қателіктер туралы» деген қаулысы. Бұл қаулы бойынша төрт адамның есімдері ерекше аталды. Олар Қоңыратбаев, Кенжебаев, Нұртазин және Мәметова. Бұлар Совет үкіметіне тегі жағынан жат адамдар делінді. Онысы аға-інілері халық жауы деп танылғаны ғой. Сөйтіп оларды 72 сағат ішінде өзге өңірге жераударып жіберген. Репрессия мұнымен тоқтамаған, 1950 жылдары да жалғасқан», - дейді ол.




Өзгелердің жаңалығы