Бас жаңалықтар
Мемлекеттік комиссия ашаршылыққа саяси  баға беретін бола ма?
09 Сәуiр 2021, 18:00 372

Мемлекеттік комиссия ашаршылыққа саяси баға беретін бола ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов және Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы жауап берді.

Украина 2006 жылы кеңестік кезеңде орын алған аштыққа "голодомор" деген баға берді. Ал 1992 жылы тарихшы Манаш Қозыбаевтың жетекшілігімен Жоғары кеңесте құрылып, жұмыс істеген комиссия аштықты "этноцид" деп атады. Ал қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған мемлекеттік комиссия қазақ даласында болған ашарлыққа қандай да бір саяси баға беретін бола ма?

Ол туралы қазір мына жерде қандай да бір баға беру жөнінде айту менің құзіретімде емес. Бұл комиссия жұмысы барысында қабылданатын шешімдерге байланысты болады, - деді Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, ашаршылыққа байланысты да көптеген құжаттар кеңестік кезеңде "құпия" белгісі соғылғандықтан бүгінгі күні қолжетімсіз болып тұр.

Оқиғаға саяси баға беру үшін алдымен құжаттарды зерттеп, жинақтауымыз қажет. Айтып кеткенімдей, елде кеңестік кезеңде көп құжаттарға "құпия" белгісі соғылғандықтан ғалымдар оған қол жеткізе алмай отыр. Қазір арнайы комиссия құрылып, белгі соғылған құжаттарды құпиясыздандыру процесі жүріп жатыр. Саяси баға беру мәселесі зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, мамандардың кеңесімен шешіледі, -деп толықтырды ол.

Бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы Елде көп құжаттардың "құпия" белгісімен сақталуы, ақтау жұмысына кедергі келтіріп отырғанан айтқан болатын.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...