Мемлекет басшысы тәрбиешілердің жұмысын сынға алды

16 Тамыз 2019, 14:42
4269
Бөлісу:
Мемлекет басшысы тәрбиешілердің жұмысын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтті. Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мектепке дейінгі білім сапасы мәселесін көтерді.

«Барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде жекеменшік білім орындарында, мемлекеттік емес мектепке дейінгі шағын ұйымдарда тәрбиелеу – білім беру процесі жоқтың қасы деуге болады. Тәрбиешілер мемлекеттік, жалпыға міндетті стандарттың талаптарын әрдайым ұстана бермейді. Біз бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарынан балаларды ұрып-соғу, оларды нашар жағдайда ұстау туралы сұмдық оқиғалар жайлы жиі естиміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған орай президент Үкіметке барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Олардың қатарында жоғары сапалы мектепке дейінгі білім мен тәрбиені қамтамасыз ету үшін заңнамалық шаралар бар. Тоқаев бұл тапсырмаға, міндетке басымдық беру керектігін атап өтті. 

Бұған дейін Қазақстан басшысы ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді және ауыл мектептеріне үздік менеджерлер мен педагог мамандарды тартуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларда мұғалімдердің нақты қажеттіліктері есепке алынбай қалатынын, білім сапасын арттырмай, гранттар санын көбейту жақсылыққа әкелмейтінін айтты. Мемлекет басшысы шара барысында үздік ұстаздарды да марапаттады.

Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысты. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды. Шара соңында балалардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. 

Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы