Бас жаңалықтар
Мемлекет басшысы Орал трансформатор зауытына барды
PHOTO
13 Мамыр 2019, 21:01 429

Мемлекет басшысы Орал трансформатор зауытына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орал трансформатор зауытын аралады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысы Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған Орал трансформатор зауытында болды. Өндіріс ошағы жылына 10 мың дана трансформатор шығаруға қауқарлы. 


200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны жергілікті оқу орындарымен ынтымықтаса жұмыс істеп келеді. Техникалық мамандықтар бойынша дуальды оқыту негізінде білім алатын студенттер зауытпен тығыз байланыс жасайды. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына өңірдегі жиһаз, азық-түлік, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп орындарының жұмыстары таныстырылды. 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кәсіпкерлерді тарту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл мәселе бойынша Үкімет белсенді жұмыс істеуде. Жергілікті әкімдік те осы бағдарлама арқылы өндірістерді ұлғайтуды ойластыруы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қазақстан Президенті Орал ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.


Мемлекет басшысы цифрландыру бағытында білім беруге басымдық беретін колледждің жобалармен танысты. 

Елімізде алғаш рет ғимараттардың пішінін үш өлшемді 3D модельдеу әдісімен жобалай алатын кешен осы ақпараттық технологиялар колледжінде іске асырылған. Мамандар бұл технологиямен жұмыс істеу үшін 3 ай Финляндияда оқып қайтты. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысына STEM білім беру бағдарламасы таныстырылды. STEM академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамасы – нақты өмір үлгісінде оқытатын интеграцияланған оқыту әдісі. 

«Қазіргі кезде сапалы білім беру және қажетті мамандықтар бойынша оқыту аса маңызды. Колледждерде білім берудің жаңа мазмұнын енгізу жұмыстарын алғашқылардың бірі болып сіздердің өңірлеріңіздің бастағаны қуантты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысына өңірде цифрландыру бағдарламасы аясында қолға алынған «Ашық әкімдік», «SmartUralsk», «IkomekUralsk» жобалары таныстырылды. 

Кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев колледж студенттерімен әңгімелесіп, білім саласын қолдау ісі жалғаса беретінін атап өтті.


Фото: дереккөз
Загрузка...