Мектеп кітапханашыларын педагог кітапханашы деп атау ұсынылды

27 Қазан 2020, 11:55
4383
Бөлісу:
Мектеп кітапханашыларын педагог кітапханашы деп атау ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында «Оқулық» орталығының директоры Ғани Бейсембаев айтты.

Көркем әдебиеттермен мектепті қамтуға байланысты Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берді. Осыған қатысты «Оқулық» орталығы жол картасын әзірледі. 

Мектеп кітапханаларын көркейту үшін бірнеше міндет пен мақсатты қолға алып отырмыз. Айта кетсек, мектеп кітапханаларын түгелдей жаңғырту арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бүгінгі күні бірінші кезекте кітапханаларды заманауи дәрежеге жеткізу, кітапханашылардың әлеуетін көтеру және кітапханаларды көркем әдебиетпен толтыру мәселесіне баса назар аудару қажет, - деді Ғани Бейсембаев.

Кітапханалардың әлеуетін көтеруді 5 бағытқа бөліп жоспарлады:

1. Ең үздік үлгідегі отандық және әлемдік көркем әдебиеттермен қатар салалық және соңғы заманауи көркем әдебиеттермен толықтыру;
2. Мектеп кітапханаларының кадрлық әлеуетін көтеру;
3. Материалдық-техникалық базасын жақсарту;
4. Ғылыми, құқықтық-нормативтік актілерді өзгерту;
5. Барлық кітапхананы цифрлық технологиямен толықтыру.

Мектеп кітапханашыларын «педагог кітапханашы» деген атаумен өзгерту ұсынылып отыр. Ол бағытта Білім министрлігінің №123 бұйрығына өзгертулер енгізу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар мектеп кітапханашыларына біліктілігін, білімін көтеру бағытында да жұмыстар басталып жатыр. Бұл бағытта республикалық ғылыми педагогикалық кітапхана өз жұмысын атқарып отыр, - деп атап өтті орталық директоры.

Сонымен қатар мектеп кітапханашысының әлеуетін көтеру бағытында онлайн білім беру, STEM білім жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі күні Білім-инновация лицейлерінде Kitap деген электронды бағдарлама бар. Онымен танысып, зерттеп көрдік. Қашықтан оқыту барысында балаларды электронды онлайн деңгейде кітап оқуға тартатын керемет құрал ретінде қарастырып отырмыз. Бұл туралы жуық арада баяндайтын боламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы